"Арсенал" клубы "Баварияны" тізе бүктірді

"Арсенал" клубы "Баварияны" тізе бүктірді

Бүгін түнде, Алмания жерінде лондондық "Арсенал" клубы чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясында өткен жауапты матчта мюнхендік "Баварияны" тізе бүктірді. Матч 2:0 есебімен аяқталып, "канонирлер" үлкен басымдылықпен жеңіске жетті.

Қонақтарға жылдам гол соғудың орайы ойынның 3-минутында келді. Оң қанаттан Тео Уолкот тарапынан берілген допты Оливье Жиру голға айналдырды. Осылайша, матчтың бірінші таймы қонақтар пайдасына жазылды. Ал ойынның екінші жартысы да алма-кезек шабуылдармен өтсе де, екі командаға да гол соғудың реті келмеді. Тек матч аяқталар тұста, ойынның 86-минутында Лоран Косельни бұрыштан берілген допты қақпаға дәл көздеп, қорытынды есепті белгіледі. 

Бірақ қонақтарға жарыстың ширек финалына шығу үшін енді бір доп салса жеткілікті еді. Алайда, ондай ерлік жасауға "Арсеналдың" күші де, уақыты да жетпеді. Нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіске жеткен "Арсенал" жарысты осы жерден тоқтатуға мәжбүр болды. 

Естеріңізге салсақ, 19 ақпан күні Лондонда өткен матчта 3:1 есебімен "Бавария" жеңіске жеткен еді. Осылайша, ширек финалға мюнхендік команда жолдама алды. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz

Б. Қосмағамбет