"Қайраттың" жаңа бапкері клубты еурокубок жарыстарына сүйремек

"Қайраттың" жаңа бапкері клубты еурокубок жарыстарына сүйремек

Сенбі күні қызметіне кіріскен "Қайраттың" жаңадан тағайындалған бапкері Владимир Вайсс өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. 

Словакия құрамасының экс-бапкерінің сөзінше, ең бірінші команданы қайта жасақтап, дұрыс бағыт пен мақсат қоя білу керек. Осы тапсырмалар тиянақты орындалған жағдайда ғана, "Қайрат" еурокубок жарыстарына шықпақ. Сондықтан алдағы басты мақсат - ел біріншілігінде жоғарғы орыннан көрініп, сосын барып қана халықаралық додаларға шығу.  

Владимир Вайсстың сөзін команданың баспасөз қызметі быалй келтіреді: "Мені алда әлі талай қиын жұмыстар күтіп тұр. Бірақ мен өз бағытымды нақты білемін. Сенім мен жеңіске деген ұмтылыс жақсы нәтижелерге әкелетініне сенемін. Осылайша мен бірінші кезекте жергілікті командадан жеңісті ұзақ күткен жанкүйерлерді қуантқым келеді".

Сонымен бірге ол клуб басшылығының жасап жатқан жұмыстарына да көңілі толатынын айтып өтті. Осы жұмыстарға байланысты Вайсс: "Бірнеше жаттығу базалары салынып жатыр. Солардың бірі алдымыздағы ақпан айында пайдалануға беріледі. "Қайрат" өнер көрсететін стадионға да күрделі жөндеу жасалды. Ол қазір футболшыларға да, жанкүйерлерге де ыңғайлы етіп жасалғанын көрдім",-дейді. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sportdialog.ru

Б. Қосмағамбет