Аустрияға Генрих Шмидтгаль бара алмайтын болды

Аустрияға Генрих Шмидтгаль бара алмайтын болды

Дене қызуының көтеріліп кетуіне байланысты Қазақстан - Аустрия кездесуіне қатыса алмаған жартылай қорғаушы Генрих Шмидтгаль осы құрамалардың Венадағы ойынына да қатыса алмайтын болды.

Кеше футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Венаға келген еді. Келе сала дереу баспасөз мәслихатын өткізді.

Мәслихатта Аустрия құрамасының Ирландияға қарағанда мықты екенін атап өткен бас бапкеріміз Мирослав Беранек ойынға қатыспайтын футболшыларды да атап кетті.

- Бундеслиганың "Гройтер Фюрт" клубында өнер көрсететін Генрих Шмидтгаль ауруынан әлі де айықпаған болып шықты. Сондай-ақ, ескерту алған Михаил Рожков, Сергей Остапенко және Таңат Нөсербаев та бұл матчқа қатыса алмайды. Сонымен бірге жарақаттарынан әлі айыға қоймаған жартылай қорғаушылар Павел Шабалин мен Юрий Логвиненко да ойынға қатыса алмайтын болды, - деді Мирослав Беранек.

Ұлттық құрама сапында осындай өзгерістер орын алып отыр. Бірақ баспасөз мәслихатына қатысқан футболшылар Анатолий Богданов пен Андрей Сидельников команданың көңіл-күйі керемет екенін, тек жақсы ойын көрсету үшін алаңға шығатындарын айтты.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: prosportkz.kz

Б. Қосмағамбет