Футбол дербилері туралы не білеміз?

Футбол дербилері туралы не білеміз?

Қазіргі кезде футболға ойын емес, өмірінің мәні ретінде қарайтын жандар жетерлік. Оны қаржылық жағдайына, саяси немесе діни көзқарасына қарамастан қоғамның көп мүшесі көреді. Спорт болғандықтан бұл ойында да бәсекелестік, жеңіске деген ұмтылыс бар. Бұл қасиеттер алаңдағы ойыншылардан бөлек, оларды қолдайтын жанкүйерлерге де беріледі. Өз кезегінде жанкүйерлердің де командаларға ықпалы жоқ емес. Тіпті, бір елдерде футболсүйер қауымның өмірлік ұстанымы бүтіндей бір команданың ұстанымына айналып кеткен. Ал, кей мемлекеттерде адамдар танысқанда бір-бірінен "Қай клубты қолдайсың?"– деп жөн сұрасады екен. 

Әлемнің нөмірі бірінші спорты ертеректе пайда болғанымен, оның қарыштап дамуы XIX ғасырдан басталды. Сол уақыттан бері ойынның негізгі ережелері бекітіліп, өзіндік дәстүрлері мен терминдері қалыптасты. Футболға қатысты сондай терминдердің бірі "дерби" деп аталады. Бұл cөз бір өңірдің немесе бір қаланың екі командасы кездесетін ойынға қатысты қолданылады. Дербидің ерекшелігі – оны ойыншылар да, жанкүйерлер де асыға күтетіндігінде және алаң мен алаң сыртындағы жанкештілікте. Дербиде жеңу – басқа ойындардағы жеңістерден тәттірек, ал жеңілу– бәрінен де ащы. Әр текетірестің өз тарихы мен дәстүрі бар, олар сонысымен де қызық. Бүгін назарларыңызға бүкіл әлем жұртшылығы қызыға қарайтын дербилер топтамасын ұсынбақпыз. Ендеше, кеттік.

"Мерсисайдтық дерби" немесе "Ливерпуль дербиі"

Ливерпуль қаласынан шыққан екі клуб – "Эвертон" мен "Ливерпуль" арасындағы бұл текетірестің тарихы XIX ғасырдың 90 жылдарынан бастау алады. Бұл – Англия саясаткерлерінің қарқынды дамып келе жатқан футбол арқылы сайлаушыларға оң әсер етуге болатынын түсініп, түрлі клубтардың жұмысына араласа бастаған шағы еді. Ондай клубтардың қатарында 1878 жылы негізі қаланған "Эвертон" да бар болатын. "Көктер" деген лақап аты бар клуб ол кезде үйдегі ойындарын "Энфилд" стадионында өткізетін. Бірақ, уақыт өте басшылар арасында саяси және басқа да себептерге байланысты келіспеушіліктер туады. Нәтижесінде 1892 жылы Джордж Махон бастаған либералдар "Эвертонды" өз қарамағына алып, клубты "Гудисон Парк" стадионына көшіреді. Ал, клуб басшылығынан кетсе де "Энфилдке" иелік етіп қалған консерватор Джон Хоулдинг өз атынан жаңа клуб құрады. Ол клубқа "Ливерпуль" деген атау береді. Осылайша бір қалада екі клуб пайда болып, олардың басшылары арасындағы текетірес алаңға ауысады.

Екі клубтың алғашқы кездесуі 1894 жылдың 13 қазанында өтті. "Гудисон Паркте" болған ойынға 44 000 адам жиналып, алаң иелері бұл дербидегі өздерінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Содан бері "Ливерпуль" мен "Эвертон" өзара 228 ойын өткізіп, оның 91-інде "Қызылдар", 66-сында "Көктер" жеңіске жетсе, 71 матч тең есеппен аяқталған.

"Мадридтік дерби"

Әлем жұртшылығы "Реал Мадридтің" ең басты бәсекелесі "Барселона" деп білсе де, бұл екі клубтың арасындағы ойын "дерби" болып саналмайды. "Корольдік клубтың" каталондықтардан басқа бітіспес қарсыласы бар, ол – "Атлетико Мадрид" клубы. "Мадридтік дерби" деген тіркес Испанияның астанасынан шыққан осы екі клубтың арасындағы ойынға қатысты айтылады. Екі команда да шамамен бір уақытта құрылған, ал алғашқы кездесулері 1906 жылы өтті. Олардың жанкүйерлері негізінен әлеуметтік жағдайына қарай бөлінеді. "Реалды" көбіне орта және дәулетті таптың өкілдері қолдайды. Бұл ұжымның стадионы да қаланың дәулетті адамдар тұратын солтүстік бөлігінде орналасқан. "Реал Мадрид" ел арасында "Кілегейлі" ("Кілегейден шайқалған", "Los merengues") деп бекер аталмаса керек. Ал, "Атлетиконы" жұмысшы таптың өкілдері қолдайды. Клубтың стадионы қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Бұл ұжымды кейде "Бүлікшілердің жұбанышы" ("Sentimiento de rebeldía"деп те атайды.

Осы уақытқа дейін "Мадридтік дербиде" 280 ойын ойналып, оның 63-і тең аяқталса, 147 матчта "Реал Мадрид", 70 матчта "Атлетико Мадрид" жеңіске жеткен. Байқағандарыңыздай, бұл текетіресте "Корольдік клубтың" басымдығы айқын. Дегенмен, Мадридтің оңтүстік аудандарында тұратын қарапайым халық үшін ол аса маңызды емес. Олар өз клубтарына адал және түбі жеңіс "Атлетико" жағында болатынына сенімді.

"Каталониялық дерби" немесе "Барселона дербиі"

Испаниядан бөлініп, тәуелсіздік алуды ойлаған Каталонияның да өз дербиі бар. Ол – автономиялық елдің астанасы Барселона қаласындағы қос клуб "Барселона" мен "Эспаньол" арасындағы кездесулер. Бұл екі команданың бір-біріне деген өшпенділігі зор. Ал, олардың жанкүйерлері елдегі саяси ахуалға байланысты бөлініп алған. 1899 жылы құрылған "Барселонаны" негізінен Каталонияның тәуелсіздігін аңсайтын қауым қолдаса, 1900 жылы құрылған "Эспаньолды", керісінше, Испания билігін мойындайтын жұрт қолдайды ("Espanyol" сөзі "Испандық" деген мағына береді). Тіпті, екі ұжымның дәл осы саяси ұстанымдарына байланысты олардың арасындағы араздықтың шиеленіскен кездері де болған. Әйткенмен, соңғы уақытта саяси мәселе сәл саябырсып, "Каталониялық дерби" таза спорттық тартысқа айналып барады.

Екі команда алғаш рет 1900 жылдың 23 желтоқсанында кездескен. 1929 жылдан бастап есептегенде олар өзара 157 ойын өткізіп, соның 34-і тең аяқталып, 89-ында "Барселона", 34-інде "Эспаньол" жеңіске жеткен.

"Астаналық дерби" немесе "Рим дербиі"

Италия астанасынан шыққан екі клуб – "Лацио" мен "Рома" арасындағы қарсыластық XX ғасырдың алғашқы жартысында басталған. Италияда фашистік тәртіп орнағаннан кейін, бұл елдегі ұсақ клубтар өзара біріктіріле бастайды. Бұл үлкен қалалардағы командаларды бір орталыққа шоғырландыру үшін және жергілікті жанкүйерлерді ұсақ топтарға бөлмей, бір ұжымның айналасына біріктіру үшін жүргізілген саясат еді. Соның нәтижесінде 1927 жылы Римде "Роман", "Альба-Аудаче" және "Фортитуда-Про Рома" ұжымдары біріктіріліп, "Рома" футбол клубы пайда болды. Дегенмен, басшыларының саяси күшпен орнатқан байланыстарының арқасында мұндай біріктірулерді айналып өткен ұжымдар да жоқ емес еді. Солардың бірі – римдік "Лацио" футбол клубы болатын. "Рома" құрылғаннан кейін екі клубтың "Мәңгілік қаладағы" үстемдік үшін таласы басталды. "Қасқырларды" ("Романың" лақап атауы, "Lupi") негізінен қала орталығындағы тұрғындар, ал "Түлектерді" ("Лационың" лақап атауы, "Aquilotti") қала маңындағы мекендердің тұрғындары және фашистік режимді оң көретін жұрт қолдайтын болды. Айта кетерлігі, фашистік тәртіп өз ізін қалдырмай қоймады. Бұл клубтардың арасындағы матчтарда әлі күнге дейін фашистік және нәсілшілдік нышандары байқалып жатады.

"Рома" мен "Лацио" арасындағы алғашқы кездесу 1929 жылы өтті. Содан бері 184 ойында 69 рет "Рома", 52 рет "Лацио" жеңіске жетсе, 63 кездесуде тең нәтиже тіркелген.

"Мадонна дербиі" немесе "Милан дербиі"

Милан қаласының атынан өнер көрсететін "Милан" және "Интер" клубтарының арасындағы текетірес танымалдылығы жағынан "Рим дербиінен" асып түспесе, еш кем емес. Еуропадағы ең үздік біріншілікте өнер көрсететін екі клуб та жиған атағы бойынша шамалас. Сол себепті де олардың арасындағы ойын қашанда қызыққа толы. Айта кетерлігі, екі клубтың ішінен бірінші болып "Милан" құрылған. Араға 9 жыл салып, клуб ішіндегі жанжалдан кейін Джорджо Муджианидің басшылығымен бір топ ойыншы "Миланнан" бөлініп шығып, "Интернационале" (қысқаша атауы "Интер") деген команданың негізін қалайды. Осылайша ұжым ішіндегі жанжал, алаңдағы текетіреске ауысады. Ал, екі клубтың жанкүйерлері әлеуметтік жағдайына орай бөлініп алған. О бастан "Миланды" елдің оңтүстігінен келген еңбек мигранттары мен жұмысшы тап өкілдері қолдаса, "Интерді" қаланың байырғы және дәулетті тұрғындары қолдаған. Әлі күнге дейін бұл ұжымдардың кездесулерінде спорттық бәсекелестіктен бөлек, әлеуметтік бақталастықтың сипаты байқалады. Жанкүйерлердің қарсыластарына берген лақап аты да соны байқатады. "Интерді" қолдаушылар "Милан" жақтаушыларын "Ебедейсіз" ("Бұрауыш", "Casciavìt") десе, олар "Интерліктерді" "Мақтаншақ" ("Бөспе", "Bauscia") деп атайтын көрінеді.

Екі команда 1910 жылдан бері өзара 218 ойын өткізіп, 77 ойында "Интер", 75 ойында "Милан" жеңіске жеткен. 66 ойын тең есеппен аяқталған. Айта кетерлігі, миландық клубтар үйдегі ойындарын бір алаңда, "Джузеппе Меацца" (ескі атауы"Сан-Сиро") стадионында өткізеді. Даңқты Джузеппе Меацца кезінде "Интер" сапында өнер көрсеткендіктен "Милан" жанкүйерлері стадионды ескіше "Сан-Сиро" деп атауды жөн санайды.

"Old firm" немесе "Ескі фирма дербиі"

Шотландиялық "Селтик" пен "Рейнджерс" клубтарының арасындағы текетірес өз бастауын XVI ғасырда болған тарихи оқиғалардан алады. Ұзақ уақытқа созылған саяси күрестің нәтижесінде парламент Шотландияда католицизмді ұстануға тыйым салып, оны заңсыз деп таниды. Арада бірнеше ғасыр өтеді. Жүргізілген идеология өз әсерін беріп, шотландиялықтар толығымен дерлік протестантизмді ұстануға көшеді. Тағдыр тәлкегімен XIX ғасырдың ортасында Ирландияда аштық орнап, азық іздеген ирландиялықтар Шотландияға көше бастайды. Алғашында бұл үрдіске аса мән бермеген жергілікті халық еш наразылықтарын білдірмейді. Қарсылық көрмеген ирландиялықтар Глазго қаласының шығысына шоғырланады. Сөйтіп, үлкен диаспора құрады. Келімсектердің саны өсіп жатқанына және олардың қайтатын ойы жоқтығына шотландиялықтар қатты ашуланады. Бірақ бұл кезде тым кеш болатын, өйткені ирландиялықтар ес жиып, қалада әбден тұрақтап қалған еді. Осы кезде ұлт аралық қақтығыстар өрши бастайды. Ескі жараның беті ашылып, жаулыққа протестантизм мен католицизм негіз болады.

Келтірілген тарихи оқиғалар аясында протестанттар Глазгода "Рейнджерс" клубын құрады. Араға жылдар салып ирландиялық католиктер "Селтик" командасының негізін қалайды. Осылайша ұлттар мен діни бағыттардың текетіресі футбол алаңына ауысады. Екі жақтың бір біріне деген өшпенділігі соншалық, кейде жанкүйерлер шектен шығып, спорттық сыйластықты ұмытып кетіп жатады. Мысалға алар болсақ, әлі күнге дейін "Рейнджерс" фанаттары дерби кезінде аштық жылдарын еске салатын әндер айтып, ирландиялықтарды мұқатуға тырысса, "Селтик" фанаттары ойын кезінде Шотландияның емес, Ирландияның үш жолақты туын желбіретіп, шотландиялықтардың шамына тиіеді. Ал, екі команда да сапына қарсы тараптың діни бағытын ұстанатын ойыншыларды алмауға тырысатыны өз алдына жеке әңгіме.

Командалар бір біріне қарсы 407 ойын өткізген. Оның 159-ы "Рейнджерстің" жеңісімен аяқталған. 150 ойында "Селтик жеңіске жетіп, қалған 98 ойында тең нәтиже тіркелген.

 "Суперкласико"

Еуропада емес, Оңтүстік Америкада өтетін бұл дерби "The Guardian" басылымының "Өлмес бұрын көруіңіз тиіс әлемнің 50 спорттық шарасы" атты мақаласында бірінші орынға жайғасқан. Дәл сол басылым Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласынан шыққан екі клуб – "Бока Хуниорс" пен "Ривер Плейт" арасындағы кездесуді сипаттай келе: "Буэнос-Айрестегі дербидің жанында "Ескі фирма дербиі" оқушылардың ойыны сияқты" деген теңеу келтіреді. Осыдан-ақ бұл дербидің маңызын айқындай берсеңіз болады. Статистика бойынша, айтылған командалардың ойынын Аргентина халқының 70 пайызы тамашалайды екен.

Екі клуб та Буэнос-Айрестің Ла-Бока атты қарапайым ауданында құрылған. Олардың текетіресі де осы арадан бастау алады. Ұжымдардың басшылары өзара келіссөздер жүргізіп, Ла-Бокада тек бір клуб қалуы тиіс деген шешімге келеді. Кімнің қалып, кімнің кететінін ойынға тапсырады. Нәтижесінде "Ривер Плейт" маңызы бар бұл кезедсуде ұтылып, қаланың солтүстік бөлігіне ауысуға мәжбүр болады. Оңтүстік пен солтүстік әлеуметтік жағынан әртүрлі болғандықтан, о баста "Бока Хуниорске" кедейлер, "Ривер Плейтке" байлар болысады деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, қазіргі кезде олай емес. 

"Бока Хуниорс" пен "Ривер Плейттің" арасындағы 242 ойында 86 рет біріншілер, 78 рет екіншілер жеңіске жеткен. 78 ойын тең нәтижемен аяқталған.

Бұл айтылғандардан бөлек, әлемде басқа да дербилер жетерлік. Оларды көріп отырып, футбол – тек ойын емес екенін түсінесің. "Құрлықаралық дерби" немесе "Ыстамбұл дербиі", "Мәскеудің басты дербиі", "Манчестерлік дерби", "Солтүстік Лондон дербиі", "Турин дербиі", тағысын тағы – бұл тізім осылай жалғаса береді. Әрқайсысы қызықты, әрқайсысының шығу тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар. Ал, біздің елге келер болсақ, Қазақстанда "дерби" деген түсінікке сай келетін текетірестер жоқтың қасы. Өйткені кәсіби деңгейде өнер көрсететін командалар саны аз және бір қалада күші шамалас екі команданың болуы сирек кездеседі. Кезінде Алматыда "Алма-Ата", "Мегаспорт" сынды командалар құрылып, "Қайратқа" бәсеке туғызған еді. Бірақ, көп ұзамай ол клубтар жабылып қалды. Одан бөлек, ел біріншілігінде "Батысқазақстандық дерби" ("Ақтөбе", "Атырау", "Ақжайық" командаларының кездесуі), "Оңтүстік дербиі" ("Тараз", "Ордабасы", "Қайсар" командаларының кездесуі) сынды бір өңірден шыққан командалардың арасында матчтар болып тұрады. Бірақ олар ауқымы жағынан әлі лайықты деңгейге жете қойған жоқ. Мүмкін бұл Қазақстандағы футболсүйер қауымның шетелдердегідей жанкештілігінің жоқтығынан болар немесе ел футболына деген қызығушылығының төмендігінен шығар. Қалай болғанда да, бәрі болашақтың еншісінде. Бір кезде біздің стадиондар да халыққа лық толып, тек қазақ футболына тән дәстүрлер қалыптасып, біздің ойыншылар да ойынды ойын үшін емес, өмір үшін ойнайтын күнге жетеді деген сенімдеміз.

Y. Almabek