Роналдумен суретке түсу үшін қанша қаржы шығындау керек?

Роналдумен суретке түсу үшін қанша қаржы шығындау керек?
Фото: The Daily Star

"Реал" футбол клубының көшбасшысы Криштиану Роналду әлемдегі ең көп табыс табатын футболшылардың бірі. Оның жалақы мен сыйақыдан бөлек қосымша табыс көздері де бар.

Португалдық футболшымен суретке түсіп, одан қолтаңба алғысы келетін спортсүйер қауымның саны аз емес. Ондай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейді. Ал ақшаң болса Роналдумен суретке түсіп, қалжыңдасуға да болады. Сонда қанша қаржы керек? Ол үшін 1 миллион 152 мың АҚШ долларың болса жеткілікті.

Криштиану Роналду жоғарыда айтылған көлемдегі қаржы үшін 4,5 сағат уақытын бөле алады. Ол уақыт аралығында футболшымен суретке түсіп, 5 жейдесіне қолтаңба қойдырып алуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшаларының бірінде ақша төлеген тұлға немесе компания үшін екі хабарлама жариялайды. Одан өзге Роналдудың суретін бір күн ішінде жарнама үшін пайдалануға рұқсат беріледі.

Осыған дейін Сауд Арабиясы, Қытай мен Жапония елдерінің компаниялары 1 миллион 152 мың доллар төлеп, Роналдуды жарнамалық мақсатта кездесуге шақырған. 

О. Сансызбай