"Барселона" қорғаушысы 7 жылдан кейін бірінші голын соқты (видео)

"Барселона" қорғаушысы 7 жылдан кейін бірінші голын соқты (видео)
Фото: vnews.agency

"Барселона" футбол клубының қорғаушысы Хавьер Маскерано 7 жылдан кейін барып командадағы бірінші голын соқты. Ол осыған дейін қарсылас қақпасына емес, өз қақпасына бірнеше рет гол соғып алған.

Хавьер Маскерано "Барселонаға" 2010 жылы "Ливерпульден" ауысып келген еді. Алғашқы ойынын сол жылдың қыркүйек айында өткізген.

Аргентиналық қорғаушы каталондық клубтағы алғашқы голын 319-ойынында соқты. Түнде өткен "Осасунаға" қарсы ойында футболшы пенальтиді сәтті орындады.

- Басында пенальтиді тебуден бас тартқым келді. Алайда жанкүйерлер мен командаластарымның қолдауы мені қанаттандырды. Бірақ өзіме аса сенімді болмадым, - деді Маскерано клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.

Айта кетейік, түнде өткен ойында "Барселона" "Осасунаны" 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал мадридтік "Реал" сырт алаңда "Депортиводан" 6:2 есебімен басым түсті.

Ө. Сансызбай