«Ювентус» футбол клубы танымбелгісін өзгертеді

«Ювентус» футбол клубы танымбелгісін өзгертеді
Фото: Lettera43

Италияның танымал «Ювентус» футбол клубы Миланда өткен сән апталығының марапаттау кешінде жаңа танымбелгісін (логотип) таныстырды. Команда алдағы маусымнан бастап жаңа үлгідегі танымбелгімен жасыл алаңға шығады.

Команданың жаңа танымбелгісі үш концепт негізінде жасалған. Біріншіден танымбелгіде ақ пен қара түс үйлесімділігі сақталған. Екіншіден команда «J» әрпіне баса мән беріп отыр. Себебі клубтың атауы осы әріптен басталады. (Бір қызығы клуб демеушілерінің бірі «Jeep» компаниясының атауы да осы әріптен басталады). Үшіншіден команданың жаңа танымбелгісі жаңа жетістіктер мен жеңістерге жол бастайды деген сенімде жасалған.

- Біз бір жыл бойы нарықты зерттеп, келешекте не керек болатынын бағамдадық. Алдымен танымбелгіні өзгертуді қолға алдық. Жаңа танымбелгі – команданың өмірлік жолының басты рәмізі болмақ, - деді клуб президенті Андреа Аньелли.

Айта кетейік, «Ювентус» - Италияның аса танымал футбол клубтарының бірі. Өз тарихында 32 рет Италия чемпионатында топ жарған. 11 рет Италия кубогын, 7 рет Суперкубогын жеңіп алған. Сондай-ақ туриндік клуб 2 рет Чемпиондар лигасы мен Суперкубогын, 3 рет УЕФА кубогын ұтқан. 

Ө. Сансызбай