«Допинг» деген не?

«Допинг» деген не?
Фото: Литер

Спорт саласындағы соңғы болып жатқан жаңалықтар қазақ спортшылары мен жанкүйерлерін қуантып отыр деп айта алмаймыз. Төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарындағы жүлделерімізді кері қайтартуда. Әсіресе, ауыр атлетика спортында. Бәріміз «допингпен ұсталыпты» деп қоямыз. Оның не екенін, қандай жағдайда қолданатынын, кім тексеріп, қандай нәтиже шығаратынын біле бермейміз. Ендеше біле жүріңіз. 

«Допинг» деген не? 

Допинг – бұл табиғи және жасанды синтетикалық, спортпен шұғылдану кезінде қолданатын зат. Бұл зат сіздің аз күн ішінде дене қалыптастыруыңызға, талапты болуыңызға, дене күшіңіздің артуына, белсенділікке алып келеді. 

Спортшыларды «допинг» бойынша кім тексереді? 

Қолданатын дәрі-дәрмектердің көп түрі спортшыларға жарысқа қатысу кезінде жоққа шығарылады. Яғни, тиым салынады. Бұл ережелер Халықаралық допингпен күрес агенттігінде көрсетілген және айтылған. Бұдан өзге әр елдің өзі ішінде Ұлттық деңгейдегі допингпен күрес агенттігі бар. Спортшыларды тексеретін де осы агенттіктің әкімшілігі болып табылады. 

Спортшылардың допинг қабылдағанын қалай тексереді? 

Аталған агенттіктер спортшыдан кез келген уақытта, тіпті демалыс кезінде болсын допингке қарсы сараптама тапсыруын сұрайды. Талап етеді. Алынған сараптама зертханада 10 жыл ішінде сақталып тұрады. Алынған сараптама осы жылдар ішінде тексеруден қайта өтіп отырады. Сақтау ережесіне сәйкес жыл сайын жаңаланып отыратын құрылғының ескеруіне не қателік жіберуіне байланысты анализ үнемі тексеріс үстінде болады. Бұл тексерулер кез келген спортшының жарыста әділ болуына себепші. 

Спортшыдан алынған анализ екі түрлі жағдайда тексеріледі. 
1. А кезеңі: бұл кезде спортшының бойынан ешқандай допинг шықпаса онда оны қайта тексеруге жібермейді. 
2. Б кезеңі: А кезеңінде спортшының бойынан допинг белгісі байқалса, Б кезеңі қайтадан тексеруден өткенше спортшы барлық жарыстан шеттетіледі. Ал соңғы кезең қорытындысы бойынша допинг анықталса, арнайы кеңес құрылып спортшыны жарыстан шеттетіп қана қоймай, оған спортқа ұзақ уақытқа келуіне тиым салуы мүмкін. 

Допинг пайдаланған спортшыларды қалай жазалайды? 

Спортшыдан допинг белгілері анық байқалса оған 2 жыл аралығында жарыстарға қатысуға тиым салады. Бұл тек  алғашқы ескерту. Егерде спортшы екінші рет қайталап осы әрекетке баратын болса оған ұзақ уақыт береді немесе өмір бойына жарыстардан шеттетеді.

М. Ақан