«Алтын доп» иегері қашан анықталады?

«Алтын доп» иегері қашан анықталады?
Фото: Portal N10

Француздың «France Football» басылымы 2016 жылғы «Алтын допқа» үміткер 30 футболшының тізімін жариялап үлгерді. Жеңімпаз атанған теңбіл доп шебері 13 желтоқсан күні анықталатын болды.

Басылым осы жылы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген еді. Нәтижесінде биылдан бастап үздік ойыншыны анықтау жаңа жүйеде өтеді. Жаңа жүйе болғанда, бұрынғы «France Football» басылымының ережесі бойынша анықталады. Яғни, «Алтын доп» иегерін анықтауға тек тілшілер ғана қатысатын болады. ФИФА бұл марапатты табыстаған тұста тілшілермен қатар, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы мен капитандары да дауыс беруге қатысқан болатын. Сондай-ақ, биылдан бастап «Алтын допқа» үміткерлер саны 23-тен 30-ға артып отыр.

«ФИФА-ның Алтын добы» –.маусымның ең үздік футболшысына берілетін жүлде болатын. Марапат 2010 жылы «France Football»  нұсқасы бойынша анықталатын «Алтын доп» және «ФИФА-ның жыл ойыншысы» атты екі жүлденің бірігуі нәтижесінде пайда болған еді. Араға 6 жыл сала қос тарап арасындағы келісімнің жібі үзілді.

Биыл бұл жүлдені жеңіп алуға барынша үмітті ойыншы ретінде Криштиану Роналдудың есімі аталуда. 

Ө. Сансызбай