Алматыдағы Универсиада билеттерінің құны қанша болады?

Алматыдағы Универсиада билеттерінің құны қанша болады?
Фото: almaty2017.com

Бүгін, 21 қазан, Универсиаданың басталуына 100 күн қалуына орай, алдағы халықаралық студенттер ойындарына билетер сатылымға шықты. Бұл туралы Универсиаданың ресми сайты хабарлады.

Билеттерді ең бірінші сатып алушылардың бірі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек болды. Ол ойындар билетін Б.Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайынан сатып алды. 

Бүгіннен бастап, алматылықтар Универсиада билетін Б.Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайының, Мемлекеттік цирктің және де Меломан желісінің кассаларынан сатып ала алады. Сондай-ақ, жақын уақытта билеттерді сату үшін Қазақстанның өзге де жетекші билет операторлары іске кіріседі. Билеттерді сатумен айналысатын ресми веб-порталдар: www.almaty2017.comwww.fisuticket.com и www.kassir.kz.

2017 жылғы Универсиаданың ресми билет операторы болып KASSIR.KZ танылды.

Бүгінгі таңда келесі дисциплиналар бойынша билетер сатылымға түсті: таушаңғы, биатлон, шаңғы сайысы, шаңғы қоссайысы, сноуборд, фристайл, керлинг, шорт-трек, хоккей (әйелдер), хоккей (ерлер), трамплиннен секіру, конькимен жүгіру спорты. Жарыс кестесімен Ойындардың ресми сайты  www.almaty2017.com арқылы таныса аласыз.

Айта кету керек, сайыстардағы билеттердің бағасы 300-ден 3500 теңгеге дейін. Ал,  Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаттары 3000 және 15000 теңге аралығында.

Билеттердің бағасын бекіту кезінде Универсиада дирекцииясы тарапынан ірі халықаралық жарыстардағы билеттердің бағаларына анализ жасалып, соның негізінде бір тоқтамға келген. Сарапшылар, Астана мен Алматыда өткен қысқы Азия ойындары, Қазандағы Универсиада, Сочидегі қысқы Олимпиада ойыны, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаттары, трамплиннен секіруден әлем кубогы және Қазақстан аумағында өткен профильді жарыстардағы баға саясатына шолу жасаған. Сондай-ақ, жақында ғана аяқталған  Рио-де-Жанейро Олимпиадасының тәжірибесіне сүйенген. Оның негізінде билетер халыққа қолжетімді болып, жарысқа кеткен шығынның жартысын ақтауы тиіс.

Билеттерден түсетін қаржы жоспар бойынша 200 млн. теңгеге жуық болуы мүмкін.

Ө. Сансызбай