Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты үш елде өтуі мүмкін

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты үш елде өтуі мүмкін
Фото: thequint.com

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатын үш ел өткізуі мүмкін. Бұл туралы ФИФА президенті Джанни Инфантино «Associated Press» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында хабарлады.

ФИФА басшысының айтуы бойынша, 10 жылдан кейін өтетін доп додасы АҚШ, Канада мен Мексика елдерінде қатар өтуі мүмкін. Қазіргі таңда аталған елдер әлем чемпионатын өткізуге өтініштерін дайындап үлгерген ұқсайды. Сондай-ақ қатысушы құрамалар санын 40-қа дейін жеткізу де Джанни Инфантино жоспарында бар екен.

- Мен әлем чемпионатына 40 құрама қатысқанын қалаймын. Бұл жеке көзқарасым ғана. Алдағы уақытта талқылау керек. Тағы 8 құраманың қосылуы арқылы, футбол дамып, бұдан да таныла түседі деп ойлаймын. Қызығы да арта түседі. Мұның дәлелі ретінде Францияда өткен Еуропа чемпионатын мысалға келтіруге болады, - деді Джанни Инфантино.

Айта кетейік, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейде болса, 2022 жылғы дода Катарда өтеді. 

Ө. Сансызбай