Жаңа маусымның жаңа «рекордтары»

 Жаңа маусымның жаңа «рекордтары»
Фото: facebook.com, sportsffa.kz

Футболдан ел премьер-лигасының ХХV маусымы басталып, І тур ойындары мәресіне жетті. Бүгін сіздерге алғашқы ойындар мен маусымның жаңа рекордтары туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

1. Футболдан Қазақстан біріншілігі 25-рет жалауын көтерді.

2. «Астана» - «Шахтер» ойынында алаңға ел премьер-лигасы тарихындағы ең жас ойыншы шықты. 1 минутқа жуық алаңда ойнаған «Астана» жартылай қорғаушысы Мәди Жақыпбаев 16 жасқа толмаған. Осыған дейін бұл рекорд Абзал Бейсебековке тиесілі болатын.

3. «Ақтөбе» алғашқы турда соңғы рет 1997 жылы жеңілген. Одан бергі аралықта батыстық ұжым қарсыластарына ұтылмаған. Алайда осы маусымды Юрий Уткульбаев жаттықтыратын клуб жеңіліспен бастады.

4. Шымкенттік «Ордабасы» ресми ойындарда алғаш рет «Ақтөбе» қақпасына үш гол соқты. Ал екі доп айырмасымен соңғы рет 2006 жылы ұтқан.

І турдың басты «оқиғалары»

І турдың бірінші голын Ұлан Қонысбаев соқты. Өткен маусымда Алматының «Қайрат» клубында ойнаған футболшы «Атыраудағы» ойынын жақсы нәтижемен бастады.

І турда барлығы 14 гол соғылды. Оның 8-ін қазақстандық футболшылар, 6 голын легионерлер соқты.

І турдағы ең «тәртіпті» клуб «Ертіс», «Қайрат» және «Астана». Бұл ұжымдардың ойыншылары алғашқы турда қатаң ереже бұзған жоқ. Ал оңтүстік «Ордабасы» мен «Тараз» ойыншылары 3 сары қағаздан алған.

І турдың ең жылдам голын Корнелис Уббинк соқты. Ол «Астана Аренада» Ненад Эрич қақпасына дәл нысанаға алған болатын.

І турдан кейін ең үздік сұрмергендер көшін Азат Нұрғалиев бастап келеді. Ол «Ақтөбе» қақпасына екі гол соқты, бірін – пенальтиден.

«Астана» футбол клубы бірінші тур басталмай тұрып билет сатудың инновацилық жүйесін енгізетіндерін жарнамалаған болатын. Алайда «Астананың» бірінші турдағы ойынынан кейін әлеуметтік желілерде елорда клубының замануи «инновациялық жүйесі» күлкіге айналды. Себебі стадионға кейбір жанкүйерлер билет емес, ақ қағазға қол қойылып жазылған жазбахаттар (запискалар) арқылы кірген.

«Ақтөбе» футбол клубының жейделеріне жапсырылған нөмірлері бірінші турда-ақ түсе бастаған. Мұны жанкүйерлер әлеуметтік желіде күлкіге айналдырды. 

Қазақстандық клубтардың капитандары:

1. Астана - Таңат Нөсербаев
2. Қайрат - Бауыржан Исламхан 
3. Ордабасы - Азат Нұрғалиев
4. Ақтөбе - Самат Смақов 
5. Тобыл - Нұрбол Жұмасқалиев
6. Ақжайық - Бауыржан Омаров 
7. Оқжетпес - Әлібек Бөлешов
8. Шахтер - Мақсат Байжанов
9. Атырау - Жасур Нарзикулов
10. Жетісу - Андрей Пасеченко
11. Тараз -  Виталий Евстигнеев
12. Ертіс - Давид Лория 

Ө. Сансызбай