Кәсіпқой боксшылар Олимпиадаға қатысуы мүмкін

Кәсіпқой боксшылар Олимпиадаға қатысуы мүмкін
Фото: massaget.kz

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) кәсіпқой боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысуына рұқсат бермек. Бұл туралы британ басылымдары хабарлап отыр.

2013 жылға дейін кәсіпқой боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысуына еш мүмкіндігі болған жоқ. 2013 жылдан бастап қана AIBA кәсіпқой шаршы алаңда 15 жекпе-жек өткізбеген боксшыға Олимпиадаға қатысуына мүмкіндік берді. Онда да арнайы талаптар үддесінен шыққанда ғана. Ал күні бүгін британ басылымдарының жазуы бойынша, енді AIBA кәсіпқой боксшылардың жасы мен тәжірибесіне қарамай Олимпиадаға қатысуына біржола рұқсат беруді көздеп отыр екен. Нақты шешімін сейсенбі және сәрсенбі күні Манчестерде өтетін отырысында қабылдайды. Қабылдамас бұрын ұйымның 110 делегаты бұл тақырыпты жан-жақты талқылайтын болады.

Батыстық басылымдардың жазуы бойынша, AIBA кәсіпқой боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысуын 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарынан бастауы мүмкін. Өйткені, Рио-де-Жанейрода өтетін дүбірлі дода жақындап қалды. Ал осыған дейін Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, қазіргі кәсіпқой боксшы Амир Хан (Ұлыбритания) бір сұқбатында AIBA 2016 жылы үлкен өзгерістер енгізгелі жатқанын айтқан болатын. 

Ө. Сансызбай