Месси іздеген бала Ауғанстаннан табылды

Месси іздеген бала Ауғанстаннан табылды
Фото: eurosport.ru

Каталондық «Барселона» мен Аргентина ұлттық құрамасының шабуылшысы Лионель Месси әлеуметтік желіде әлем назарын аударған баланы іздегені туралы ақпарат жарияланған болатын. Аргентиналық сұрмергеннің есімі жазылған «жейдені» полиэтиленді қаптан (пакет) киген бала Ауғанстаннан табылды. Бұл туралы «eurosport» сайты хабарлап отыр.

Лионель Месси бұл баланы тауып, көмектескісі келетінін де мәлімдеген еді. Алғашқыда Kurdistan24tv арнасы бұл бала Ирактағы Хомид атты курд баласының 2 жыл бұрынғы фотосы деп мәлімдеген еді. Кейіннен бұл ақпарат жалған болып табылды.

Суреттегі бала Ауғанстанда тұратыны белгілі болды. Есімі Мұртаза екен. Жеткіншектің Мессидің «жейдесін» киіп түскен суретін ғаламторға Австралияда тұратын Азим Ахмади атты ағасы жариялаған. Ал әкесі Ариф болса ұлының футбол ойнағанды жақсы көретінін, Месси үздік ойыншы ретінде мойындайтынын айтқан. Ал Мұртазаның өзі болса танымалдылыққа ие болғанын ғаламторға қолжетімді достарынан естіген.

Ө. Сансызбай