Сіз білмейтін спорттық ойындар

Сіз білмейтін спорттық ойындар
Фото: fullpicture.ru

Спорт – денсаулық кепілі. Көптеген адам түрлі спортпен шұғылданып, жеңімпаз болғысы келеді. Алайда біз білетін спорттық ойындар көптеген тәжірибие мен үлкен дайындықты қажет етеді. Және өмірін спорт үшін сарп еткен жандардың кейбірі ешқандай жүлдесіз спортпен қош айтысып жатады.

Біздің бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз, әлемнің әртүрлі мемлекетінде жыл сайын арнайы ұйымдастырылатын спорттық жарыстар төңірегінде болмақ. Сонымен сіз бен біз енді ғана таныс болатын спорттың қандай болатынын тамашалаңыздар. 

Қылық жасаудан жарыс. Бұл спорттың бір ерекшелігі жарысқа қатысушылар беттерімен адам сенгісіз түрлі мимикалық қылық жасайды. Ұлыбритания елінде 700 жыл бойы жалғасып келе жатқан жарысқа көптеген адам келіп, өздерінің бағын сынап көреді. 15 жылдан бері жарыстан оза шығып, жүлдені ешкімге бермей келе жатқан Томми Мэтинсонге әзірге осы төңіректен шақ келер қарсылас табылмай тұр. 

Кімнің бақасы ұзаққа секіреді? Жарыстың аты айтып тұрғандай, бұл жарысқа әрбір қатысушы өздерінің арнайы дайындаған бақаларын әкеліп қатыстырады. Ең биікке секірген бақа аталған жарыстың жеңімпазы аталады. Биыл бұл жүлдені калифорниялық Райли Китчелл иемденген екен. 

Ас бұршақпен ату. Бұл жарыстың ережесі бойынша, спортшылар өздеріне арнайы қару жасап алуы тиіс. Инженерлік ойлау мен мүлт кетпей көздеу ойынның негізі болады. Осы бір көпшілік біле бермейтін жарыстан әлем чемпионы болып Роб Бреслер танылған. 

Өмірлік жарын көтеріп жүгіру. Бұл жарысты финдықтар ойлап тапқан. Ойынның ережесі – әйелін мойнына көтеріп, белгіленген межеге басқалардан бірінші болып жету. Ал жеңімпазға қалыңдығының салмағына тең сыра табыс етіледі. 

B. ZHAQSYMBET