«Алтын доптан» үміткер 59 футболшы белгілі болды

«Алтын доптан» үміткер 59 футболшы белгілі болды
Фото: forums.graaam.com

Италияның «La Gazetta dello Sport» басылымы «Алтын допқа» үміткер футболшылардың есімін жариялады. Жылдың үздік футболшысына берілетін марапатқа үміткерлер қатарына 59 ойыншы еніпті.

Бұл маусымдағы «Алтын допқа» үміткерлер қатарына каталондық «Барселона» мен мадридтік «Реал» сапынан 7 ойыншыдан енген. «Бавария» мен «Манчестер Ситиде» 5 футболшыдан болса, «Челсидан» - 4, «Манчестер Юнайтед», «ПСЖ» және «Ювентустан» 3 ойыншы үміткер атанып отыр. ФИФА алдағы уақытта 59 ойыншыдан үздік 23 футболшыны іріктейтін болады. 

«Алтын доп» иегері ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитаны, және ФИФА қауымдастығына мүше бір тілшінің дауыс беруі арқылы анықталады. Кейіннен үміткерлер қатары үшеуге дейін қысқарады. Футбол мамандары тарапынан берілген дауыс беруде бірінші белгіленген ойыншы - 5 ұпай, екінші есімі аталған ойыншы – 3 ұпай, үшінші орыннан көрінген ойыншы 1 ұпай еншілейді.

Айта кетейік, 2015 жылғы «Алтын доп» иегері 11 қаңтар күні Швейцарияның Цюрих қаласында өтетін салтанатты кеште белгілі болады. 

Ө. Сансызбай