Месси «Атлетикоға» соққан голын дүниеге келген ұлы Матеоға арнады (видео)

Месси «Атлетикоға» соққан голын дүниеге келген ұлы Матеоға арнады (видео)
Фото: vk.com

11 қыркүйек күні екінші ұлын сүйген Лионель Месси «Барселонаның» «Атлетикоға» қарсы ойынын негізгі құрамда бастамады. 60 минутта алаңға шығып, 77 минутта каталондық клубқа жеңіс сыйлаған голды соқты.

Мадридте өткен ойында 2:1 есебімен «Барселона» жеңіске жетті. Бірінші болып алаң иелері сапынан Фернандо Торрес есеп ашса, араға 4 минут сала Неймар айып соққысынан таразы басын теңестірді. Ал 60 минутта алаңға шыққан Месси араға 17 минут сала «Атлетико» қақпасына екінші допты тоғытты. Каталондық клубқа жеңіс сыйлаған голды футболшы жақында ғана дүниеге келген ұлы Матеоның құрметіне арнады.

Айта кетейік, мадридтік «Атлетико» Чемпиондар лигасында елордалық «Астанамен» бір топқа түскен болатын. Екі ұжым арасындағы бірінші ойын 22 қазан күні Мадридте өтеді. 

Ө. Сансызбай