Әлем жұртшылығы Головкин-Мюррей жекпе-жегін қалай бағалады?

Әлем жұртшылығы Головкин-Мюррей жекпе-жегін қалай бағалады?

Бұл күндері спорт әлемінде ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – Геннадий Головкин мен Мартин Мюррей арасындағы жекпе-жек. Бұл жұдырықтасу туралы бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, танымал тұлғалар да өз ойын білдіруде. Ендеше назарларыңызға үздік пікірлер топтамасын ұсынамыз.

Украиналық танымал боксшы Владимир Кличко кеше Геннадий Головкин мен Мартин Мюррей арасындағы жекпе-жекте Қазақстан боксшысының өнеріне тәнті болғандығын білдіріпті. Ол "twitter" әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасына:

Жігіттер, сіздер Головкиннің өткен демалыс күнгі айқасын көрдіңіздер ме? Керемет! Мен оның өз салмағымда емес екендігіне қуаныштымын, – деп жазыпты.

Владимир Кличкодан да өзге бокс әлеміндегі тұлғалар пікірлерін білдірген. Оқи отырыңыздар.

Габриэль Росадо: (кәсіби боксшы): Жекпе-жекті тоқтатыңдар! Мюррейге өте ауыр тиіп жатыр!!!

Джулиус Джексон (кәсіби боксшы) : GGG қуаты жекпе-жек барысын сан құбылта өзгерте алатынына көзім жетті!!!

Фрэнки Гэвин (кәсіби боксшы): GGG соққылары адам сенгісіз қуатты.

Мэттью Маклин: Бұл кеште Мюррей өте ержүрек болды, бірақ ержүрек жауынгерге батыл жаттықтырушы керек емес. Ол жекпе-жекті 10 раундтың соңында аяқтауы керек болатын.

Спенсер Ферон (Британияның бұрынғы кәсіпқой боксшысы) – мен мұны тағы да айтамын: Джеймс Дигейл  GGG-ді соққыға жығады.

Натан Lewkowicz (Sampson Boxing промоутері) – Мен тек GGG шайқасы мен жеңісін көрдім. Мартин Мюррей батыл шайқасты, дегенмен GGG – тым жақсы боксшы. Оны орта салмақта ешкім соққыға жыға алмайды.

Дана Уайт (UFC президенті): Құдайым-ау, Мартин Мюррей неткен берік, табанды. Respect! GGG – Мықты!!!

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының уақытша чемпионы белбеуінің иегері атағын қорғап қалған отандасымыз Геннадий Головкин туралы шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып жатыр. Тіпті, Ресейдің gazeta.ru деген порталының Александр Седов есімді тілшісі Геннадий Головкин мен Мартин Мюррей арасындағы жекпе-жеке шолу жасаған. Автор мақаланың тақырыбын: «Ресейлік нокаутшының 32-мүмкіндігі» деген. Бұл жайт қазір ғаламторға қызу талқылануда. Бірақ, мақала жарияланған соң бірнеше минуттан кейін оның тақырыбын «Қазақстандық нокаутшының 32-мүмкіндігі», - деп ауыстырып үлгерген. Бірақ, ресейліктердің Головкинді «өзіміздікі» деуі алғаш рет емес. Осыған дейін де жазған. Бірақ, бұл тақырыпқа қазақстандық боксшының өзі нүкте қойған-ды. «Мен Қазақстанда дүниеге келдім. Менің отбасым осында. Бокстың әліппесін Қазақстанда үйрендім. Осыдан кейін мен Ресейдің намысын қалай қорғаймын? Бұған сенбеңіздер. Мұның бәрі өтірік әңгіме», - деген еді.

Геннадий Головкиннің шаршы алаңдағы өнері туралы жазылған БАҚ беттеріндегі төмендегідей ой-пікірлерді айта кеткенді жөн санап отырмыз. 

Laceupboxing (@ LaceUpBoxing): Маған мына факт ұнайды, GGG үнемі бірдеңе зерттеп, ақпараттар жинап жүреді. Ол жай ғана оның қарсыласы нені көрсететінін сезеді.

Адам Абрамович (Saturday Night Boxing): Головкин тіпті шайқастан кейін шамалы болса да шаршаулы көрінбейді. Адам сенгісіз!

Виктор Салазар-кішісі (BoxingVoice): Монакода бәрі керемет, тіпті Геннадийдің ағылшынша сөйлеуі де жаман емес.

FightNights.com™@boxing: Бокс өзінің жаңа Майк Тайсонын тапты, ол – GGG!!!

Leave It In The Ring (@ LIITRBOXING): Мюррей шеге сынды қатты, алайда GGG – балға!!!

Ким Франческа (UCN Live): GGG Коттоның жүзіндегі татуировкасын өзгертетін болды. Екеуінің арасындағы қуат айырмасы аса көп! Мигельдің қарыласы GGG емес, Габриэль Монтойя болып табылады.

Бұл жекпе-жек туралы бокс жанкүйерлері де пікір білдірді:

Рози Перес (актриса): GGG мен Мюррей шайқасынан кейін GGG-ді Андре Уордқа қарсы көргім келеді. Екеуінің де күштері мен шеберліктері бетпе-бет келеді.

Мэтью Мохика (@ TheFightSource): GGG соққылары кездейсоқ болып келеді, болжау қиын. Ол бір сәтте 5 апперкот тастады. Жекпе-жек соңындағы оң жақ жоғарыдан келген соққы қайдан келгені белгісіз.

The American (Paul_Zachary): Мюррей GGG-дің басқа қарсыластарына қарағанда жүрек жұтқан екені бәріне мәлім, бірақ Рубио мүмкін ақылдырақ болған шығар, орнынан тұрмай жеңілді.

Питер Кларк (Pacman453323): GGG-дің Мюррейді соққылағаны сонша, тіпті оның күншілдеріне де қатты батып жатқандай сезілді.

EddieBooker4TheHOF: GGG тіпті қарсыласының соққыларынан қашып та әуре болмайды. Ол Мюррейдің шапалақтауына мүлде бас қатырып жатқан жоқ.

Ли Джон Уайли (@ LeeWylie1):Головкиннің аяқтарымен жұмыс істеуі мүлдем бағаланбады. Рингтің жазығын керемет қысқартып тарылтады. Головкин бұрыштарды қию жағынан және бүйрегінен аса ауыр соққы беруден қазіргі кәсіпқой бокстағы бірегей тұлға.

TstreeT Controversy (TstreeTLive): GGG Коттоны талқандайтынына сенімдімін. GGG-ді сұлатып түсіру үшін қуат керек, ал Коттода мұндай қуат бар деп ойламаймын.

 

Геннадий Головкин мен Мартин Мюррей арасындағы жекпе-жек қазақ спортының жанашырларының да назарынан тыс қалмады. Монакоға арнайы ат басын бұрып, GGG шайқасын тамашалаған спорт шолушысы Руслан Меделбек «facebook» әлеуметтік желісінде өз ойымен бөлісті: Монакодағы залдан бірде-бір Ұлыбритания туын көрмедім. Тек Мюррейді рингке алып шыққан модельдің қолындағы туды көрдік. Ал әр қазақ жанкүйерлерінің қолында көк ту, мойындарында "Қазақстан" деген шарф болды. "Головкин жеңгенде неге рингте көк ту жамылмады екен,ә?" деген екіұдай пікірмен бас қатырмаңыз. Экрандағы таблода Головкин есімінің тұсында көк тудың шыққаны әлде қайда үлкен PR болмақ. Және Головкиннің өзі немесе командасының ойы тек жекпе-жекте болғандықтан ту бере қою жағын ешкім ойламаса керек. Шапан хит болып жатқанда тудың қажеті шамалы, негізі... Шапан апарған шымкенттік ағамыздың қуанғанын көрсеңіздер енді...

Абай Аймағамбетов (facebook): Оңтүстік Африкаға отбасынан қол үзіп кетіп қалып, 3 апта инстаға кірмей, ватсаппен сөйлеспей, теледидар көрмеген; орта салмақтағы менің орыным тек ғана - 1 деп ақырған; осыдан рингке шығайын Генаның басын жұлып аламын деп күші білегіне сыймаған балаға ұқсай ма мынау... Бүкіл айтқан сөздерің - көздеріңе тұныпты ау ))

Дінмұхамед Аязбеков (facebook): Шұғыл ақпарат. Фейсбуктың 90%-ы Геннадий Головкин туралы жазып жатыр...

Көкбөрі Қазақұлы (twitter): Қонақжай халықпыз ғой. Мюррейді ұйықтатып барып, өзіміз ұйықтағалы отырмыз. Жеңіс құтты болсын! Қайырлы түн немесе қайырлы таң, т.б.

Руслан Меделбек (facebook): Франциялық l'equipe сайтына бір фанат "Мейрамханалардағы менюға "Мюррей" деген жаңа пицца қосуға кеңес берем. Мюррейдің жүзін көріп көзіме ыстық пицца елестеді" депті.

Рауан Оқас (facebook): Мартин Мюррейге сенген Зидан ақымақ емес шығар. Мюррей әлі-ақ әлем чемпионы болады.

Ардақ Құлтай (facebook): "Түн ұйқымызды төрт бөліп, көрейік деп едік, бір-ақ минутта сұлатты" деп ренжіп отыратын әңгімемізді GGG естіп қойып, 11-раундқа дейін әдейі созыпты-мыс.

Бек Төлеуов (facebook): Спорт адамдарды біріктіретін тағы бір мәрте түсінгендей болдым. Түнімен бәріміз бір үйдің баласындай Головкиннің тілеуін тіледік. Жеңісіне қуандық. Аптаның бес күні саясатпен шырмалып жүрген азаматтарда бір сәт демалып, бокс қарады. Осындай жеңісті күндеріміз көп болсын!

Иә, тауып айтылған пікірлер легі таусылар емес. Бастысы - қазақстандық боксшы өзінің мықтылығын тағы бір рет дәлелдеді. Алдағы уақытта дәлелдей беретініне сеніммен қараймыз. 

Сурет: vk.com 

Оқи отырыңыз

GGG чемпиондық атағын ең көп қорғаған боксшылардың үштігіне енді

Мюррей Генаға қарсылас атана алмады (видео)

Мюррей мақсатын орындаған кездесуде GGG Тайсон жетістігін қайталады

«Ғасыр жекпе-жегінің» билеттері 15 минутта сатылып бітті

Ө. Сансызбай