Бес секундта да гол соғуға болады (видео)

Бес секундта да гол соғуға болады (видео)

Германияның екінші деңгейлі бундеслигасында бақ сынайтын «Санкт-Паули» мен швейцариялық «Винтертур» командалары арасындағы ойында әлемдегі ең жылдам голдардың бірі соғылды.

Екі команда арасындағы жолдастық кездесудің бесінші секундында-ақ есеп ашылды. Неміс командасының жартылай қорғаушысы Юлиан Кох алаң ортасынан қақпашының қателігін байқап, дәл соққы бағыттаған. Нәтижесінде доп қақпа торында тулады. Бірақ, бұл гол әлемдік рекорд болып саналмайды. Себебі, 5 секундтан да ерте соғылған голдар бар. Ендеше айта отырайық.

Қазіргі таңда әлемдегі ең жылдам соғылған голдар саны бірнешеу. Олардың барлығы да төреші ысқырығы шалынысымен, алаң ортасынан бағытталып, нәтижелі аяқталған. Бірақ, оның біреуі ғана Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол голды аргентиналық футболшы Рикардо Оливейра соққан. Оның есімі жазылған рекорд 1998 жылы тіркелген. Аргентинаның «Сориано» командасының ойыншысы жергілікті «Рио-Негро» қақпасына 2,8 секундта гол соққан. Әзірге дейін бұл рекордқа түзету енгізілген жоқ.

2006 жылы Рикардо Оливейра рекордын жаңартуға Англия әуесқой лигасының ойыншысы Марк Берроус («Коуз») талпынды. Оның алаң ортасынан бағыттаған добы 2,5 секундта қарсыластар қақпасының төрінен табылды. Голдың жылдам соғылуына қатты соққан жел де көмектескен. Бірақ, жылдам соғылған Марк Берроустың голы рекорд ретінде тіркелмеді.

2009 жылы Сауд Арабиясында футбол тарихындағы ең жылдам гол соғылды. Наваф Әль Абед есімді шабуылшы ойын басталғанына 2 секунд өтпестен таблодағы есепке өзгерту енгізген. Бірақ, бұл нәтиже де рекорд ретінде есепке алынбады. Себебі, алаңға шыққан барлық ойыншылардың жасы 23-тен аспаған екен. Нәтижесінде Наваф Әль Абедтің голы бейресми түрде, әлемдегі ең жылдам соғылған гол ретінде ел есінде қалды.

Әлемдегі ең жылдам голдардың бірі Ресейдің екінші дивизионында бақ сынайтын клубтар ойынында соғылған. «Митос» командасының 35 жастағы ойыншысы Михаил Осинов ойын басталғанына 2,68 секунд өткеннен кейін гол соққан. Ал жергілікті басылымдар голды кездесудің 2-ші секундында кіргенін жазған. Десе де, бұл нәтиже де ең жылдам соғылған гол ретінде рекордтар тізіміне енген жоқ.

Әлем чемпионатындағы ең жылдам голды кім соқты?

Әлем чемпионатындағы ең жылдам голды түрік Хакан Шүкір соққан. Бұл рекорд - 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапония жерінде өткен «мундиалда» тіркелді. Ол 11 секундта-ақ кәрістердің қақпасында допты тулатқан болатын. Ал оған дейінгі рекорд 40 жыл бойы чехословакиялық ойыншы Вацлав Машекке тиесілі болған еді. Ол өз голын 15 секундта соққан.

Еуропа чемпионатындағы ең жылдам голды кім соққан?

Еуропа чемпионатында есепке алынған ең жылдам голды ресейлік Дмитрий Кириченко өз еншісіне жазған. Ол бұл рекордты 2004 жылы Португалияда өткен додада тіркеген. Шабуылшы Грекия құрамасының қақпасына 67 секундта гол соққан. Оған дейін бұл рекорд КСРО құрамасының ойыншысы Сергей Алейниковқа тиесілі болатын. Оның нәтижесі 2 минут 7 секунд еді.

Чемпиондар лигасындағы ең жылдам голды кім соққан?

Еуропаның басты бәсекесіндегі ең жылдам гол 2007 жылы 7 наурызда соғылған. Мюнхендік «Бавария» ойыншысы Рой Макай 11-ші секундта гол соғып, рекорд тіркеген. Ол үздік нәтижесін мадридтік «Реалмен» өткен ойында көрсеткен болатын. Ойын басталысымен Роберто Карлостың қателігін сәтті пайдаланған Хасан Салихамиджич нидерландылық ойыншыға пас асырған. Өз кезегінде Рой Макай бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді.

Қазақстан құрамасы сапында ең жылдам голды кім соққан?

Қазақстан құрамасының тарихында ең жылдам гол соққан ойыншы – Болат Есмағамбетов. Бұл гол - 1998 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі ойындарында Пәкістан құрамасының қақпасына соғылған. Ол кезде Қазақстан футбол федерациясы Азия футбол қауымдастығы құрамында болатын.

Айта кетейік, жақында ғана он алтыншы рет ұйымдастырылып отырған Азия кубогы ойындарының тарихында да жылдам гол соғылып, рекорд ретінде есепке алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Сурет: vesti.kz

Ө. Сансызбай