2014 жылы «Google» іздеу жүйесінде көш бастаған спортшы кім?

2014 жылы «Google» іздеу жүйесінде көш бастаған спортшы кім?

«Google» компаниясы 2014 жылы ең көп ізделген ақпараттардың тізімін жариялады. Спортшылар арасындағы рейтингте мадридтік «Реал» мен Колумбия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Хамес Родригес көш бастады.

Хамес Родригес есімі Бразилия жерінде өткен әлем чемпионатынан кейін танылды. Уругвай қақпасына соққан голы «мундиальдың» ең үздік голы саналса, үздік сұрмерген атағын да иеленген-ді. Кейіннен мадридтік «Реалға» ауысуы – әлем жұртшылығының назарын аударды. Нәтижесінде «Google» іздеу жүйесі қорытындысында, 2014 жылы есімі ең көп ізделген спортшы атанып отыр. Сонымен қатар, футболшылар арасындағы есімдері ең көп ізделген ойыншылар қатарына каталондық «Барселона» ойыншылары Луис Суарес пен Неймар енген.

«Google» іздеу жүйесінің спортшылар арасындағы рейтингінің екінші сатысына неміс автошабандозы Михаэль Шумахер жайғасқан. «Формула -1» спортының 7 дүркін жеңімпазы осы жылы ауыр жарақат алып, өлім аузынан аман қалған еді. Оның денсаулығы мен алған ауыр жарақатының себебі әлем жұртшылығының назарын аударған.

Спортшылар арасындағы есімдері ең көп ізделген үштікті америкалық футбол «жұлдызы» Рэй Райс қорытындылап тұр. Оның осы жылы жұбайын соққыға жыққан іс-әрекеті қалың көпшіліктің арасында үлкен талқыға түскен еді.

Айта кетейік, ғаламтор пайдаланушылары арасында «Google» компаниясы жариялаған ақпарат бойынша, 2014 жылы голливуд жұлдызы Робин Уильямс туралы мәлімет ең көп ізделген. Оның тамыз айында өз-өзіне қол жұмсауы жұртшылықтың басты назарына іліккен көрінеді. Ең көп сұралған ақпараттардың екінші сатысына Бразилияда өткен доп додасы орналасса, үштікті «Эбола» безгегі туралы ізделген мәліметтер қорытындылап тұр. Одан өзге, ғаламтор қолданушыларын «Мalaysia Airlines» компаниясының апатқа ұшыраған екі ұшағы туралы, «Ice Bucket Challenge» флэшмобы, «Flappy Bird» мобильді ойыны мен «Евровидение» байқауының жеңімпазы Кончита Вурст жайлы жазылған ақпараттар қызықтырған.

Сурет:bihon.ro

Ө. Сансызбай