Болгария құрамасына да күшіміз жетпеді

Болгария құрамасына да күшіміз жетпеді

Мирослав Беранек баптайтын футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесу аясында Алматының орталық стадионында  Болгарияны қабылдап, 1-2 есебімен ұтылып қалды.

Ойынның басы шиеленісті басталды. Қос командада жылдам гол салу мақсатында бір-бірінің айып алаңына лап қойған. Дегенмен, бірінші таймның орта бөлігінде қонақтар ойындағы үстемдікті өз қолдарына алды. Сидельников қорғаған қақпадан да саңылау тапқан еді. Бірақ қонақтардың шабуылшысы ойыннан тыс қалуы себебінен бұл гол есептелмеді. Бірінші тайм бойы екі команда алма-кезек соққылармен алмасқанымен, есеп ашылмады.

Екінші тайм басталғанда, Беранек алаңға Сидельниковтың орнына Мокинді шығарып, Нұрғалиевті Шомкоға, Хижниченконы Гридинге ауыстырды. Бірақ бұл Қазақстан құрамасының ойынына ешқандай әсер етпеді десе де болады. Болгария құрамасының шабуылдарының бірінде біздің орталық қорғаушы қақпаға жақын жерден ойын тәртібін бұзды. Ал Георги Илиев айып соққысын тамаша орындап, есепті ашты. Арада екі минуты өтпей жатып, Иванов есепті еселеді. Бұл жолы да біздің орталық қорғаушылар мен қақпашының кінәсі болды голда. Таблодағы есеп 0:2-ге жеткенде Беранек бапкер шабуыл шебін үдетпек болып, алаңға «Қайрат» ойыншысы Недашковскиді шығарған. Ол бапкер сенімін ақтады. «Қайрат» футболшысының алғашқы жасаған шабуылы қақпа бағанасына тиіп, кейін серпілген. Тың күшін сақтаған ойыншы 88 минутта Шомкоға әдемі пас шығарып берді. Ал бұл пасты жас ойыншы тамаша пайдаланып, құрамадағы алғашқы голын салды. Кейін төреші қосымша бес минут қосқанымен, біздің жігіттер есепті теңестіре алмады.

Қазақстан — Болгария 1:2 (0:0) 
Голдар: Илиев Г. 57 (0:1), Иванов 60 (0:2), Шомко 88 (1:2)
Қазақстан: Сидельников (Мокин 46), Киров, Логвиненко (Недашковский 67), Мулдаров, Гурман, Нұрдәулетов (Шахметов 85), Қонысбаев (Шабалин 73) , Дмитренко, Хижниченко (Гридин 46), Нұрғалиев (Шомко 46), Коробкин
Болгария: Илиев П., Минев В., Минев Й., Александров, Иванов, Дяков, Гаджев, Илиев Г. (Златинский 75), Манолев (Делев 71), Божинов (Мицанский 55), Попов
Төреші: Алияр Агаев (Әзірбайжан)
4 маусым. Алматы. Орталық стадион.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН