Қазақстандық футболшылар "Каспий Кубогына" қатыспақ

Қазақстандық футболшылар "Каспий Кубогына" қатыспақ

Әзірбайжанның футбол ассоциациясы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасын (17 жасқа дейінгі) дәcтүрлі түрде өткізілетін "Каспий Кубогы" турниріне қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚФФ. 

Үшінші мәрте өткізгелі отырған турнир 29 мамыр мен 5 маусым аралығында ел астанасы Бакудің "Байил" және "Далга" стадиондарында өткізіледі. Бұл жолы жарысқа 17 жасқа дейінгі 12 құрама қатысады. Командалар әрбіреуінде үш-үштен төрт топқа бөлінген. 

Қазақстандық футболшылардың қарсыластары "В" тобында. Олар: Болгария және Грузия құрамалары. Қалған құрамалардың тобы төмендегідей:

"А" тобы: Әзірбайжан, АҚШ, Қырғызстан,
"C" тобы: Түркия, Өзбекстан, Иордания,
"Д" тобы: Уругвай, Жапония, Тәжікстан.

Қазақстан өзінің алғашқы матчын 29 мамыр күні 21:00 Болгарияға қарсы өткізеді. Келесі күні біздікілер 18:00 Грузияға қарсы алаңға шығады. Ал 5 маусымда үшінші орын үшін және финалдық матчтар өткізіледі.   

Айта кету керек, Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасы Минскте өтіп жатқан УЕФА-ның "Даму" атты турниріне аттанып кеткендіктен, бұл жарысқа еліміздің 16 жасқа дейінгі құрамасы қатысатын болады. 


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz

Б. Қосмағамбет