"Барселона" Неймардың қатарға қосылғанын ресми мәлімдеді

"Барселона" Неймардың қатарға қосылғанын ресми мәлімдеді

Соңғы кезде футбол әлеміндегі ең танымал есімдердің бірі Неймар ақыры каталониялық "Барселонаға" ауысатын болды. Біз сіздерге осыған дейін де талантты ойыншы мен каталониялық клубтың арасында келісім жүріп жатқанын жазған едік. Енді міне, арада біраз уақыт өткеннен соң, "Барселона" клубы "Сантостың" шабуылшысы Неймардың өз қатарына өтуі жөнінде нақты келісімге келгенін мәлімдеді. 

Сонымен, 21 жасар Бразилияның форварды клубпен бес жылдық келісімге отырған. Бұл туралы каталониялық клубтың ресми сайты хабарлады. Футболшының өзі де бұл ақпаратты растап отыр. "Мен дүйсенбіге дейін шыдай алар емеспін. Менің жанұям мен достарымның бәрі де шешімімді біліп отыр. Енді оны құпия сақтаудың не керегі бар? Дүйсенді күні мен "Барселонамен" ресми келісім-шартқа қол қоямын",-деп жазды өз туиттерінде Неймар. 

Шабуылшы сондай-ақ өзінің "Сантос" сапындағы ең соңғы матчын бүгін, 26-мамырда "Фламенгоға" қарсы өткізетінін айтты. Ал "Барса" құрамына ол Бразилиямен бірге Конфедерация-2013 Кубогына қатысқаннан кейін қосылады. Оған дейін кейбір баспасөздер ойыншының трансфері клуб үшін 50 миллион еуроға түскенін жазған еді. Ал Неймардың өзі болса "Барсадан" жылына 7 миллион еуро алатын болады. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vk.com

Б. Қосмағамбет