Фрэнк Лэмпард "Челсимен" келісім-шартын ұзартты

Фрэнк Лэмпард "Челсимен" келісім-шартын ұзартты

Лондондық "Челси" клубының жартылай қорғаушысы Фрэнк Лэмпард өз командасымен келісім-шартын ұзартты. Бұл туралы The Telegraph хабарлады. 

34 жасар ойыншының клубпен келісімі бір жылға жасалған екен. Келісімнің мән-жайы жақын арада ресми түрде жарияланатын болады.  
Естеріңізге салсақ, қаңтар айында Лэмпардтың агенті өз клиентінің 2012/13 жылғы маусым аяқталысымен, міндетті түрде "Челси" құрамынан кететінін айтқан болатын. Алайда, кейін лондондық клуб өз райынан қайтып, ойыншымен келісім-шартты қайта қарайты жөнінде ақпарат пайда болды. Кейбір БАҚ ойыншының клуб қатарына қалуына жақында "Челсиге" қайтып оралады деген португалдық маман Жозе Моуриньюдің сөзі түрткі болды дегенді жазып жатыр.

Айта кетейік, Лэмпард клуб қатарынан кетеді деген ақпарат осы күнге дейін аз айтылған жоқ. Кейбірі оны "Лос-Анджелес Гэлаксиге" ауысады дегенді де айтты. Сол кездері Лэмпардттың өзі де "Челсиден" кететіндігін мәлімдеген болатын. Бірақ, кейін өз шешімін өзгертті. Өзінің айтуынша, ол өзін "Челси" символдарына айналған Джон Терри, Петр Чех және Коулмен бірге қояды екен. Яғни дәл қазір ол өзін "Челсисіз" елестете алмайды. 

Лэмпард "Челси" қатарында 2001 жылдан бері тер төгіп келеді. Осы уақыт аралығында ол клубпен бірге 12 турнирді, оның ішінде үш рет Англия біріншілігін және чемпиондар Лигасын ұтып алды. Ал 37-тур ойындары аясында ол "Астон Виллаға" қарсы матчта дубль жасап көзге түсті. Бұл оның "Челси" сапында соққан 202 және 203-голдары болатын. Осы көрсеткішімен Лэмпард лондондықтар тарихындағы ең үздік бомбардир Бобби Тэмблингті басып озды.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: rg.ru


Б. Қосмағамбет