Какау: "Қазақстандық футзал бұл жеңіске әбден лайық"

Какау: "Қазақстандық футзал бұл жеңіске әбден лайық"

"Қайрат" алматылық футзал клубының бапкері Какау УЕФА Кубогының финалы аясында мәскеулік "Динамо" клубымен болған матчтағы командасының жеңіске жетуіне байланысты мәлімдеме жасады. 

Естеріңізге салсақ, финалдық кезеңге дейін "Қайрат" жартылай финалдық матчта атақты испандық "Барселонаны" 5:4 есебімен тізе бүктірді. Ал шешуші матчта ол "Динамоны" 4:3 есебімен ұтып, тұңғыш рет Қазақстан тарихында УЕФА Кубогын жеңіп алған еді.

Бразилиялық бапкердің сөзінше, жетістікке жетудегі басты себеп команданың соңғы 10 минутта үш доп айырмашылығымен алда болуы болған екен. "Бізге әлемдегі ең мықты саналатын екі команда қарсы тұрды. Олар өткен жылдағы жарыстың жеңімпазы және финалисті. Егер команда кішкене салқынқандылық танытқанда, бұдан да үлкен есеппен ұтуға мүмкіндік болды. Бірақ, айқасқа толы болған матч кездесу көркін қыздырғаны анық",-деді Какау. Одан бөлек, Какау жартылай финалдық матчта жеткен жетістігінің себебін былай түсіндірді: "Мен командаға келген кезде, УЕФА Кубогын ұтып аламын деп ойлаған емеспін. Бірақ, мен "Барселонаны" бір айға жуық зерттедім. Дәл осылай бұрын-соңды бірде-бір команданы "аңдып" көрген емеспін. Оның барлық матчтарын мұқият қарап шықтым. Және ол жұмысым текке кеткен жоқ. Команданың қорғанысында қателіктер жиі болып тұратынына көзім жетті. Кейін өзім көрген нәрселердің барлығын ойыншыларыма айтып бердім. Олармен болған матчта біздің команда қорғаныста сауатты ойнай білді. Сондай-ақ, мен айтқан қателіктерді шабуылшыларым сәтті пайдалана білді. Осылайша, клуб финалдан бір-ақ шықты".

Сонымен бірге, Какаудың сөзінше, жеңіске жетуде команданың бірлесіп жұмыс жасауы үлкен рөл атқарыпты. "Мен команданы өз басшылығыма алғанда, клубта жауынгерлік рух деген болған жоқ. Сондықтан да ойыншыларды жеке-жеке шақырып, ұзақ сөйлестім. Кейін Жоан, Игита, Лео сияқты ойыншылар алаңға жаңа күшпен шықты. Оларсыз біз финалдық кезеңге шыға алмас едік. Жеңіс жолында командалық ойын да басты рөл атқарғаны анық. Соңғы жылдары жеткен жетістіктерді санамалайтын болсақ, қазақстандық футзал бұл жеңіске әбден лайық. Бұл жүлде жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Қаншама тер төгілді. Сондықтан да мен ойыншыларды, жанкүйерлерді және барлық Қазақстан халқын осы жеңіспен құттықтаймын",-дейді бразилиялық маман. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

  сурет: uefa.com 

Б. Қосмағамбет