Какау: "Барселонадан" қорықпаймыз"

Какау: "Барселонадан" қорықпаймыз"

Келер аптада «Қайрат» шағын футбол клубы футзалдан Еуропаның ең ірі бәсекесі саналатын «Төртеудің финалында» ойнайды. Осыған орай, Алматы шаһарында «Қайрат» командасының бас бапкері Какаудың қатысуымен баспасөз жиыны болып өтті. Жиын барысында бапкер тілшілер қойған біраз сұрақтарға жауап берді.  

- Барлығымыз алдағы «Барселонамен» болатын кездесуді күтіп жүрміз. Ол команданың осал тұсын да зерттеп жатырмыз. Қарсыласымыз өте қарымды екені барша жұртқа аян. Олар былтырғы жылғы УЕФА кубогінің жеңімпазы және Әлемдегі ең мықты ұжымдардың бірі болып саналады. Біз мұндай қарсыласты сыйлаймыз – бірақ, қорықпаймыз! Ұзаққа созылатын жарыс жарыс емес. Сондықтан да турнирдің тағдырын бар болғаны бір ғана матч шешіп кетуі мүмкін, - деп бастады әңгімесін Какау.

- Командаңызды психологиялық тұрғыда қалай дайындайсыз?

- Әдетте мен жігіттерді сөзбен ғана жігерлендіремін. Ойын басталар алдында барлық жігіттерден жұдырықтай жұмылып өнер көрсетуін сұраймын. Сенбесеңіздер, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларынан сұраңыздар. Мен ол футболшыларды да осылай дайындадым. Сонымен қатар әр ойын сайын біз жігіттерге бірер минут жеке қалуына мүмкіндік береміз. Өйткені, жігіттер іштей өздері де дайындалып алуы қажет. Алдағы ойында тек команда үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін ойнайтын боламыз.

 - Кейбір бапкерлер әдетте спортшыларын жақсы бір кино арқылы жігерлендіріп жатады. Сізде мұндай қағида жоқ па?

- Мен тек сөзбен ғана жігерлендіремін. Видеоға келетін болсақ, біз тек қарсылас командамыздың соңғы өткен кездесуін ғана ұжым болып отырып қарайтын боламыз. Күні кеше ғана мен «Барселонаның» соңғы ойынының таспасын таптым. Осы видеоға көп көңіл бөлетін боламыз. Себебі, мұны тамашалаған менің әрбір ойыншым қарсыластың қай жері осал және қай жері мықты екенін анықтап білетін болады.


- Сіз жоғарыда «Барселонаны» әлемдегі ең мықты ұжым деп қалдыңыз. Мұндай ұжымның осал тұсы да болмайтын шығар ... 

Біз қарсыластың ойын мәнерін толығымен қарап шығатын боламыз. Жуырда Еуропа біріншілігінің електеу сындарында мен жігіттерге Румыния құрамасының ойынын көрсеткен едім. Содан жігіттер тәп-тәуір нәтиже шығарды. Сол секілді «Барселонаның» да осал тұсын егжей-тегжейлі қарастыратын боламыз.

Айта кетейік, биылғы жылы «Төртеудің финалы» Грузия астанасы Тбилиси қаласында өтетін болады. Жартылай финалда «Қайрат» пен «Барселона» 26 сәуір күні күш сынасады. Ал екінші жартылай финалдық жұпта грузиялық «Иберия Стар» мен мәскеулік «Динамо» командалары кім мықтыны анықтайтын болады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН