Массагет бәйгесі. Бүгін түнде Франция мен Бельгия ойнайды

Массагет бәйгесі. Бүгін түнде Франция мен Бельгия ойнайды
Фото: Tech News, Reuters

Бүгін түнде футболдан әлем чемпионатының жартылай финалындағы алғашқы ойын өтеді. Франция мен Бельгия ұлттық құрамалары кездеседі. Осы ойынмен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады.

Франция - Бельгия

Жартылай финалдағы Франция мен Бельгия құрамалары арасындағы ойын аса тартысты болмақ. Жанкүйерлер де бұл ойынды тағатсыздана күтуде. Тіпті кей спорт сарапшылары бұл кездесуді финалдық кездесуге балауда. Қай жеңгені әлем чемпионы атанады деп те айтуда.

Бельгия құрамасының алтын дәуіріне баланған футболшылар халықаралық жарыста әлі биік белестерді бағындыра қойған жоқ. Бразилияға қарсы өтетін ойында жүйелі ойынымен көзге түсті. Қорғаушылары нағыз бабында. Олар үшін бұл әлем чемпионаты соңғы мүмкіндіктері болуы да мүмкін. Ал Франция құрамасы топтан тосылмай шықты. Аргентинаға қарсы кездесуде нағыз мінез танытты. Мбаппе, Дембеле, Умтити, Варан мен Погба сынды ойыншылары бар француздарды Бельгиядан осал деп айту қиын.

Футбол тарихында екі құрама өзара 77 ойын өткізген. Көпшілігінде Бельгия құрамасы жеңіске жетіпті. Атап айтар болсақ, олар 31 ойында қарсыластарын ұтқан. Француздар 26 кездесуде жеңіске жетсе, 20 ойын тең аяқталған.

Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығының (FIFA) рейтингінде Франция құрамасы 7-орында, Бельгия 3-орында тұр. Ал құрамы жағынан француз футболшыларының трансферлік құны жоғары.

Бұл ойын француз Тьерри Анри үшін қиын болмақ. Бірі - туған елі, екіншісі - қызметі. Анығын айтсақ, әйгілі француз футболшысы бүгінде Бельгия құрамасының бас жаттықтырушысы Роберто Мартинестің көмекшісі, ақыл бөлісер кеңесшісі. Бүгін қайда жанкүйер болар екен?... Екі құрама ойыншылары да "бізге жанкүйер", "бізге жанкүйер болады" деп сөзбен қағысуда...

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Франция: Льорис - Люка Эрнандес, Умтити, Варан, Павар - Канте, Погба - Матюиди, Гризманн, Мбаппе - Жиру.

Бельгия: Куртуа - Вертонген, Вермален, Компани, Алдервейрелд - Шадли, Витсель, Феллайни - Де Брюйне, Азар, Лукаку.

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Кездесуге уругвайлық төреші Андрес Кунья қазылық жасайды.

Ө. Сансызбай