"Қызыл фурия" Иран құрамасын ұтты

"Қызыл фурия" Иран құрамасын ұтты
Фото: pbs.twimg.com

Испания құрамасы "В" тобындағы екінші ойында Иранды ұтып, ұпай санын 4-ке жеткізді. Қазан қаласында өткен ойында "қызыл фурия" қарсыластарынан 1:0 есебімен басым болды.

Ойынның бірінші таймында гол соғылмады. Сәтті қорғанған ирандықтар ширақ шабуылда ойнаған испандықтарға айтарлықтай тосқауыл бола білді.

Испания құрамасы екінші таймды да шабуылмен бастады. Сондай сәттердің бірінде Диего Костаның жолы болды. Иран қорғаушысы Резаянның тепкен добы шабуылшының тізесіне тиіп, қақпа торынан бір-ақ шықты.

63 минутта Иран құрамасы стандартты жағдайдан кейін таразы басын теңестірген болатын. Алайда қапталдағы төреші Сеид Эззатоллахидің ойыннан тыс қалғанын көрсетті.  Бас төреші Андрес Кунья голды есепке алмады.

Осыған дейін бұл топта Португалия құрамасы Марокконы 1:0 есебімен ұтқан болатын. 1/8 финалға шыққан құрамалар үшінші турда анықталады. Испания Мароккомен, Иран Португалиямен ойнайды. Қазіргі уақытта Испания мен Португалияда 4 ұпайдан болса, Иранда 3 ұпай бар. Марокко 0 ұпаймен плей-оффтан үмітін үзді.

Ө. Сансызбай