Халық әртісі Күләш Сырымбетқызы жайлы пікірлер

Халық әртісі Күләш Сырымбетқызы жайлы пікірлер
Фото: Мерей Қарт

Қазақстанның халық артисі, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері Сәкиева Күләш Сырымбетқызы жүз жасқа қараған шағында өмірден өтті. 

Күләш Сырымбетқызы жайлы төмендегі пікірлерден асып ештеңе айта аламаймыз, көзін көрген, замандас болған тұлғалардың тебірентерлік ой-пікірлері, Күләш апамыздың кім екенін айқындайды. Бір ғасырға жуық саналы ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі, жастарға өнеге екені сөссіз. 

Қадірменді Сакиева Күләш Сырымбетқызы 

Тәуелсіз Қазақстанның және бүкіл ТМД елдерінің мерекесі – Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміздің 55 жылдығына орай шын жүректен жолдаған құттықтауымды қабыл алыңыз. 

Сіздің және Сіздердің ұрпақтың ұрыс даласы мен еңбек майданындағы ерлігінің ұлылығы халық жадынан ешқашан өшпек емес. Барлық ауыр сындардан Сіздер абыроймен, жеңіспен өттіңіздер. Сіздерге біз өмір бойы қарыздармыз. 
Сіз және сіздің туған-туыстарыңызға зор денсаулық, игілік пен бақыт тілеймін. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ 

***

Өнердің самғау шыңы қашанда халық үшін атқарған еңбекпен өлшенсе керек. Өнерді-өмір таныған, өнерге мәңгілік айырылмас жарындай өзегін тосқан адам ғана барын бағына бағалата алмақ. 

Күләш та сондай – өнерге өмірін арнаған адам. Ол кісі алған асу, шыққан биік өлке өнерінің мәртебесін көтерген, еселі еңбекпен ғана өлшенер игілік болып танылады. 

Абай атындағы театрдың бүгінгі өнер-анасы, жастардың қамқоршысы ұстазы – Күләш Сырымбетқызы қазақ театр өнеріне қосқан зор үлесімен халқымыздың рухани әлемінің жарығы ересен қуатты жұлдызына айналды. 

Асқар Тоқпанов 
Қазақстан халық әртісі

***

Күләш Сәкиева Майра тағдырын, жан дүниесін терең сезінген. Ол бейнелеген Майра – алдымен өнерпаз әрі нәзік жанды сезімтал әйел. Бұған оның өз намысын қорғаудағы жігерлілігі, ерекше кең тыныс, еркіндікпен көрінеді. Жалпы К.Сәкиева драмалық өнерімен әншілікті сәтті шендестіре білген актриса. Спектакльдің өн бойына арқау болған Майра тұлғасының ойдағыдай шығуы басқа кейіпкерлер характерлерінің де айқын даралануына дұрыс бағыт сілтегені анық.

Бағыбек Құндақбаев 
Өнертанушы, ғылым докторы 

***

Мен барғанда актриса кеңдеу бөлменің орта тұсына қойылған жұмсақ диванға отырып алып, әлдебір ескі қағаздарды қобырсытып, асығыс ақтармалап жатыр екен. Жан-жағы үйілген кітап. Ескі газеттердің тігінділері, бүктелген, сарғыш тартқан газет, журнал қиындылары. 
- Жеке архивім еді. Отыз бес жылдық актерлік жолдың қысқаша тарихы осында... 
«Театр дегеніміз - тірі кітап, ол адамтану ілімінің атасы», - деген М.Горький сөзі еске оралды. Күләш апайдың ұзақ жылдар жүріп өткен актерлік жолына үңіле түскенде, ұлы жазушының әлгі пікірі айқынырақ танылғандай болды. Себебі бұл кісінің зейнеті де, бейнеті де мол отыз бес жылдық актерлік қызметінің ұзақ тарихы түптеп келгенде театр тарихымен тамырлас. Қазақ сахна өнерінің соңғы отыз жылдық даму, өркендеу баспалдақтарын Күләш апайдың творчествалық жемісті жұмысынан да аңғаруға болар еді. Асыра айтқандық емес, қазақ сахна өнерінің тарихында жарқын із қалдырғандардың бірі - Абай атындағы драма театрының актрисасы Күләш Сырымбетқызы Сәкиева. Қазақ ән-күйлерін зерттеуші В.Затаевичтің: «Қазақтың Күләш атты қыздарының бәрі әнші, өнерпаз болады» деуінде шындық жатқандай көрінеді.

Мерғали Ибраев 
ақын, драматург

Қазақстанның халық артисі Күләш Сәкиева 60 жаста

Өнерін қадірлеймін. Мен Күләш Сәкиеваны көптен білемін. Білгенде тек сахнадағы өнерін тамашалау үстінде артист ретінде ғана емес, Кұлекеңмен партиялық, қоғамдық істер үстінде де, басқа да жиындарда да жиі көрісіп, жүздесіп тұрамыз. 
Сәкиеваның талантты артист екені, оның сахнада жасаған образдары көпшілікке мәлім. Артистік өнер творчестволық өнер үлкен бейнетпен, қиындықпен келетін күрделі еңбек. Күндіз-түні дайындық, ізденіс, семья тауқыметі осының бәріне уақыт табу оңай емес. К.Сәкиеваның өнер жолы жастарға үлгі өнеге. 

М.Бейсембаев 
Социалистік Еңбек Ері, 
цемент зауытының айналмалы пеш машинисі

Тұтас бір ғұмыр 

Күләштің Жамбыл облыстық театрының Семейге келген күндері әлі есімде. Талапты артист әрі әншіні театр коллективі құшақ жая қарсы алды. Мінезі ашық-жарқын, менміндігі жоқ, қоғамшыл Күләш көп ұзамай-ақ артистердің де, көрермендердің де құрметтейтін адамына айналды. Сахнада да өз орнын тапты. Мехнебану, Марзия, Кетринге, Зере, Дана, Майра бейнелерін жасаумен көрермендерін бауырап алды. 
Біз Күләшпен Абай атындағы театр қабырғасында 30 жылға жуық бірге қоянба-қолтық жұмыс істеп келеміз. Творчестволық өмірдің осы бір ұзақ жолында, оның қуанышын да, ренішін де бірге өткеріп келеміз. Күләш тек жақсы артист, әнші ғана емес, сонымен қатар абзал ана, адал дос, коммунист ұстаз. Алпыс деген оған жүк емес, ол әлі де сахнада талай тамаша бейнелер жасай алады. Оған қайраты да, қабілеті де жетеді. 

С.Қыдыралин 
Қазақстанның халық әртісі

Өсу жылдары 

Мен осы Семей театрымен бірге жарты ғасырға жуық бірге жасасып келемін. Осы уақытта талай өнер тарландарымен бірге болып, өнер жолының қиында қызықты сәттерін бірге өткіздім. Ойлап отырсам, солардың бірі Күләш Сырымбетқызы Сәкиевамен 27 жыл сахна төрінде бірге жүріп еңбек еткен екенмін. Сонау бір өткен өнер жолдарында көз салсам тамаша да, тартымды бейнелер жасап, сызылта ән салған Күләш әнін құмарта тыңдаған халық көз алдыма келеді. Күләш салған ән мен ойнаған рольдер кімнің көңілінен шықпады, кімнің есінде қалмады. Ол ойнаған Зере, Толғанай, Дана, Майра рольдері өз мәнінде, халық көңілінен шығып, қыры мен сырын аша түскендей. Күләштің бір ерекшелігі: қашан қайда болмасын халықпен тез тіл табысып, өзіне баурап алатын еді. 

Жұмаш Сәкенова 
Қазақстанға еңбегі сіңірген әртіс 

Ардақты Күләш апай! 

Сіз талантты актриса, үні елімізге танымал әншісіз. Өйткені Сіз жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Ұрқия Тұрдықұлова сынды саз саңлақтарымен үндес болып, олардан өнеріңізге таусылмас қазына алдыңыз. 

Сіз театр тарихында Сабира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бекен Римова сынды өнер саңлақтарымен бір сапта болып, өнердің өшпес жұлдыздарының біріне айналдыңыз. 

Ә.Мәмбетов 
Халық қаһарманы

Күләш апамыз айнамыз! 

Өнер деген Ұлы дін бар! Табиғаты құдайдан, қасиеті халықтан. Міне, осы Ұлы өнерден жаралған ұлылар бар. Соның бірі Қазақстан Республикасының Халық артисі – Күләш Сырымбетқызы Сакиева. 

Бүгінде дәл осы мерзімде Республикалық көлеміндегі 48- театрдың санатында, Күләш апамның жасында, әлі сахнада ән салып, талмай еңбек етіп келе жатқан актриса жоқтың қасы.

Күләш апам кешегі Асекең (Асқар Тоқпановтың) үздік шәкірті. Бүгінгі өнер көзі. Сарқылмас бұлағы. Күләш апам бүгінгі қазақ театр өнерінің айнымас айнасы. 

Өнер мәдениет пен әдебиеттің айнасы болса, театрдың тірі шежіре айнасы – Күләш Сәкиева. 
Егерде әр театрда дәл осы Күләш апамның жасында анасы болса, ол сол театрдың отауы аман болып, уығы берік, шаңырағы биік болып, өнерінің Ұлы дінінің тіні сау болғандығы. 

Театрдың көркемдік жетекшісі: Ерсайын Төлеубай. 
Қазақстанның халық әртісі


Аса мәртебелі Күләш Сәкиева!

Мәңгі жас өнердің өнерімен мәңгі жас ардақты аруы Күләш Сырымбетқызы! Құрмет төрін тосқан ел мейірінің мерейі үстем бола берсін!

Талант – табиғат сыйы. Ол Атаның қаны, Ананың сүтіне қарыздар. Өнер таланты - өмірдің сұлулық пен көркемдіктің үкілі танымы. Талант иесі өзі бір дара табиғат. Ол жұлдызды жан, сәулелі нұрлы жаратылыс. Олардың адами аты, ұрпақтар буынын үнемі жарыққа бастап, үзбей бағыттай беретін дара тұлғалар, тарих таңбалы атаулар. Олардың ісі - әрқашан өнеге, есімдері ес ескерткіш: әрқашан тірі сана сабағы, таусылмас-түгесілмес мектеп, үнемі үлгі нұсқа, тынбас тағлым құнар көз қайнары. Олар: ел, жұрт, халық, ұлт санасы мен өнерінің тарих бетіне ұйып қалған уақыт; ел санасында тұнып қалған өнер жарығының сәулелер спектрінің құйындысы. 

Солардың бірі: желегі ел қуаныш құрметі дебімен желбіреген сексенінде сәукелей басынан түспеген періште, қасиетті өнерді сүйген көңілдер қалыңдығы – Күләш Сәкиева. 

Көп тосқан көңілдің төрі қайырлы, құтты болсын! 

Күләш Сәкиева уақытқа қызмет етумен ғана тынбаған қайраткер қызы емес, уақытқа уақытты ұшырастырып, буын мен буынды кездестіріп, жолықтырып табыстырған уақыт жет елеген жан. 

Ол өзі – бір өлшемді уақыт. Көп жасаудағы мұрат пен мақсұт – уақытты ұзақ ұту болса, Күләш Сәкиеваның бүгінгіге сыйы - өзі кешкен кезең-кезеңдер уақытын жетелеп әкеп бүгінгіге табыстау, тапсыру, табыстыру, және өзінің өнегесінің өзек жылуы мен жарығына орап өнер қуатының демімен, жүрек лүпілімен, тіл, үнімен, қимыл, құдіретімен бүгінгінің көзі мен көкейіне, сана сарайына табыстау. Өріс те, өнеге де – осы. 

Оларын уақыттың ығына көніп қана емес, қиындығы мен қыспағы, ауырлығы мен азабын жеңе жүріп - өгізге жегіп, арбаға тиеп, трактор, мәшинелермен көшіріп жүріп бүгінгіге жеткізіп тапсырған – уақыт елшісі. Оның өмір мен ғұмыры – тарих таңбаларының шежіресі. Бүгін ел өмірі мен өнердегі өмірдің 60 жылын көріп бетпе-бет келіп отыр. Ол шежіре беттері: өнер тарихы ған емес, өмір тарихының сыры, сабағы, ескерту, кесетіндісі, ертеңге деген тағлым үндер мен үрдістер хаты. Сексенге келгені жақсы болды, сексен сыйлаған қуанышқа мың да бір рахмет Жүзге келе берсе тіпті әдемі де тамаша болар еді! ! Жасай бер, жақсы жан! Алды жарық жанның арманы – нұрлы!

Төкен Ибрагимов 
жазушы, драматург 

Ана жүрегі

Талант пен талап, жоғары талғам егіз десек: сан дәуірді, дәуір туғызған кесек тұлғаларды көптеп сахнаға шығарған Күләш апайдың бойында соның бәрі бар. Бұған дарынды артистканың тынбай ізденістілігін, сахна тарландарының шеберлік сырына, өзіңдік қол таңбасына жіті үңілетіндігі, қарапайым мен кішіпейілдігін, өз мамандығын қастерлеп, көрермендерін құрметтей білетіндігін қоссақ, оның шоқтығы биіктеп тұлғасы даралана түседі. Сахна мәдениетін шебер меңгерген артист өзі жасаған кейіпкерлердің жанына терең үңіле білді. Қатпарланып қалған ғасырларды, ондағы қым-қиғаш қиыншылықтарды, қарама-қарсы қайшылыққа толы алуан тағдырларды қаз қалпына көз алдымызға елестесек өмірдің өгей баласы болып өткен махаббат жетімдіктерімен тілдессек – соның бәрінде өнер тарланның өзіндік үлесі бар. 

Әлбетте көрермен көңіліне қуаныш құя білген, кейіпкердің күйінішін жеткізе білген артист қана өз еңбегінің жемісін көрмек. 

Бәкір Тәжібаев 

*** 

Мен Күләш Сырымбетқызы Сәкиеваны 1956 жылдан бастап білемін. Сол жылы Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Күліш Сәкиева Жамбыл облыстық драма театрынан біздің драма театрына ауысып, әнші-әртіс болып қызметке келді. Содан бері уақыт ішінде бір театрда еңбек етіп келеміз. Өнердің ыстығы мен суығын бірге көріп талай-талай образдар сомдадық. Күләш апай жатпай–тұрмай ізденіс үстіндегі еңбекқор өнерпаз екен. Өзі: әнші, ақын жанды әртіс, ізгі жүрегімен бәрімізді баурап алды. Әр рольді дайындағанда әрқайсымызға ақыл-кеңесін беріп, өз білгенін үйретуден бір жалыққан емес. 

Екеуіміз Қайым Мұхамедхановтың «Комиссар Ғаббасов» пьесасында ол Айғызды мен комиссар Ғаббасовты ойнадық. Айғыз ролін жерін жеткізе бейнелегені сондай адам образын көрдік. Оған сол заманды көрген ұрпақ куә. 

Күләш апайдың әншілік өнерінің дара танылған шағы Әбділдә Тәжібаевтың «Қайран Майра» спектаклінде басты рөл Майраны сомдаған кезі еді. Майраның тағдырымен біте қайнасқандай сезімде сахнаға шыққан Күләш сұлу дауысымен тек Семей емес сол кездегі астанамыз Алматы жұртшылығының кінәмшілдеу көрермендеріне таңдай қаққызып, өнер майталмандарының жоғары бағасын да алды. Бұл біз үшін жоғары мәртебе еді. 

Күләш біз әсіресе алдыңғы толқынға үлгі, сарқылмас қазына, әлі де, тұғырдан таймаған еңбекқор жанның эталоны болып есептеледі. 

Әбілқасым Жаңбырбаев 
Қазақстанның халық әртісі 

Өзі жайлы өзі

...1958 жылы астанада өтетін Семей облыстық драма театрының онкүндігінде коллективпен бірге Күләш та қызу әзірлік жасады. Астана жұртшылығына жаңа ролмен – Майра бейнесімен көріну керек болды. Ол енді қанына сіңген қасиетті халықтың қазынасынан інжу-маржан іздеді. Қолындағы пьесаның диалогтарын бұл жолы місе тұтқан жоқ. Майраны білетін қариялармен кездесіп, көптеген жайларға қанықты. Павлодар қаласындағы Майраның көк терезелі, шатырлы үйінде болды. Атақты әншінің өмірінен жаңа деректер жинады. Зерттеп, біле жүріп, Майраның мінез-құлқын, өнерпаздық қасиеттерін көз алдына келтіре алды. Көңіл күйін шадыман шабытты шақтарын Күләш өз жанынан өзегінен өткізді. Автор мезгеген, режиссер ойластырған Майра тұлғасын Күләштің өмірден тапқан материалдарын айқындап, ажарын аша түсті. «Еңбегіне ерен болсаң – еліне сыйлысың» деген осы. Сөзімнің соңын, өзіңе арнағым келеді, дос құрбым! Әрқашан халқыңның құшағында бола бер, ел жұртыңа жанынңның жақсы асылын сыйлай бер, Күләш! 

Бикен Римова 
Қазақстанның халық әртісі 

Күләш апай ұстазым

Мен театрға өнер қуып 1958 жылы келдім. Абай театры Алматыдан үлкен табысты оралған кезі еді. Семейдегі ән сүйер қауымның тілегінен тек қана, «Күләш апай, Майра» деген сөздерді жылы естіп жүріп, осы театрға жұмысқа келгеніме қатты қуандым да толқыдым. 

Күләш апай маған алғашқы күннен бастап қамқорлықпен қарайды. Мен де ән айтқанды жақсы көргендіктен, оның жанынан қалмай, осы күнге дейін тәрбиесін алып келемін. 

Күләш апай, М.Әуезовтың музыкалық шығармалары «Еңлік-Кебекте» - Е Еңлік, «Айман-Шолпанда» Айман бейнесін сахнаға шығарып, драмалық ізденісімен қатар, керемет әншілігімен көпшілік көрерменнің жүрегінен ерекше жол табатын. 

Апайларым Гүлсім Әбдірахманованың да көп қамқорлығын көрдім. Кейіннен Күләш апайдың сахналық жолын жалғастырып Еңлік, Айман бейнесін сахнаға шығардым. 
Сахна шеберімен Р.Ғамзатовтың «тау қызы», «А.Шамкеновтың «Адасқан қаз», Т.Ахтанов «Махаббат мұңы», М.Әуезовтың «Абайында» сахнада бірге ойнап тәрбесін әлі күнге дейін алып, үйреніп келемін. Күләш апайға зор денсаулық тілеймін! 

Шайзат Бахтинова 
Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс

Т. Раушанұлы