Көмбе нанның дәміне зарығып өспеген ұрпақтың санасын сілкір қойылым

Көмбе нанның дәміне зарығып өспеген ұрпақтың санасын сілкір қойылым
Фото: www.auezov-theatre.kz/kk

Біз соғысты көрген жоқпыз,
Естідік,
Соғыстан соң туғандармыз,
Етек жауып, ес біліп.
Соғыс үні жетім болып, жесір боп,
Тұратындай әлі бізге естіліп…
Ж.Әуелбайұлы 

Біз “соғыс” ойынын ойнамайтынбыз... 
Біз көмбе нанның дәміне зар болып өспедік...
Біз соғыстың жаңғыры да естілмейтін бейбіт заманда дүниеге келдік.

Жүрегінің сезім қылдары қаншалықты нәзік болса да, біздің заманның жастары соғыстың не екенін сезіне алмайды. Олар өмірі соғысқа сәйкес келгендердің нендей күй кешкенін білмейді. Олар қариядан бата сұрағанда, неліктен “Соғыс болмасынмен” бастап, сонымен аяқтайтынын толыққанды ұғынған емес. Себебі...

Себебі, біз соғысты көрген жоқпыз. Лайым көрсетпесін.

Алайда, “Адамзаттың қателігі – оның ешқашан өткеннен сабақ алмайтындығы” деген сөз бар.

Талайдың балдай балалығы мен балғын жастығын ұрлаған СОҒЫС деген залым туралы баяндап берер, одан аулақ болуға баулыр көне-көз қариялар, майдан мен тыл ардагерлерінің арасы сиреген шақта жас буынға бағдар берер бір ғана дана бар. Ол – мәдениет. Осы мәдениет деген кең ұғымның кез-келген құралын пайдала отырып, біздей бейқам буынның санасын оятып, аңғал көңілін қайрау арқылы келер күнге дау-жанжалдан аулақ, кінәмшілдіктен ада, бейбіт өмірді бағалай білетін бала тәрбиелеу – бірінші миссия. Әйтпесе, қолда бардың күл-паршасы шығары анық.

Сол миссия жолында еңбек етіп келе жатқан өнер ордаларының бірі, қасиетті қара шаңырақ М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының репертуары М.Омарованың “Көмбе нанның дәмі” туындысымен толықты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішеваның режиссерлігімен қойылған спектакль көпшілік көңілінен шыққанына шүбә жоқ.

Қойылым сюжеті тылда орын алады. Соғыс кезінде майданнан бетер жер болса, ол осы тыл еді. Өйткені,  тылдағыларға күтуден басқа амал қалмайтын. Ал, тірі адамға шарасыздықтан асқан қорлық жоқ шығар, сірә.

Бір жапырақ нан, бір жұтым суға зар болып, бір аяқ асты екі ауыл адам бөлісіп жеген заманның орын алғаны ертегі емес, ақиқат екенін, дархан көңіл қазақтың құшағына тұтас ғалам сиярын, кең болғанның, кем болмайтынын, тектінің таланбайтынын, ұлттың емес, адамның аласы барын, тек рухтының ғана тауқімет үстінен салтанат құрарын, Қадыр айтқан “қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін” қазақты көргіңіз келсе әкемтеатрға жол тартыңыз, оқырман.  

А. Оралқызы