Театр көктемі шақырады

Театр көктемі шақырады
Фото: www.auezov-theatre.kz

13-18 наурыз аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Театр көктемі-2017» фестивалі өтеді. Биылғы фестиваль Қазақстан және КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналады.

Фестиваль аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының бір жыл көлеміндегі репертуарынан 5 спектакль қойылады. Театрдың жетекші актерлерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференция, мастер кластар өтеді.

Хадиша Бөкеева — Қазақстан және КСРО кино және театр актрисасы, театр қайраткері, профессор. КСРО және Қазақстанның халық әртісі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасының ең жоғарғы «Отан ордені» мен марапатталған.

Бөкееваның табиғи дарыны мен актерлік шеберлігі қазақ театрының сахнасында небір айшықты бейнелерді дүниеге келтіріп, бірнеше буын көрермендердің мәдени-көркемдік талғамын қалыптастыруға әсер етті. Әлемдік классиканың, орыс және басқа халықтардың таңдаулы шығармаларындағы әр алуан бейнелерді дәл сол елдің таңдаулы шеберлері дәрежесінде сомдай білген Бөкеева, сонымен бірге, тек қана қазақ актрисасы болып қала білді. Оның Қарлығасы ерліктің, өрліктің, қайраттың, елдікті сынар намыстың, сонымен бірге нәзік жанды әйелдің жиынтық бейнесі. Ел қорғауда батыр қыз әке алдында ибалы, бірақ әпербақан еркектердің алдында қара тастан бетер қайсарлық танытады. Ал махаббат алдында нәзік, тіпті дәрменсіз. Бөкееваның ойнауында Қарлығаның осы мінезінің бәрі дәлелді, сенімді, ерге ер, серіге сері деген қазақ қызының бейнесін жан-жақты ашады. Ал, оның оттай лаулап, құйындай ойнаған Катаринасы кезінде ерекше құбылыс деп танылып, қазақ өнерінің дәрежесін Шекспирдің өз еліне танытқан. Сонда да Бөкеева “ағылшынданып” кеткен жоқ, қайта Катаринаны қазақ қызының бойындағы ашық, еркін, ерке де ұстамды, жүрек қозғайтын қылықты мінездерімен байытты. Бөкеева сомдаған Қарлыға, Әйгерім, Мехменебану, Сәуле, Катерина образдары қазақ театрының тарихындағы айрықша шоқтығы биік туындылар, канондық нұсқалар. Бөкееваның тағы бір қыры — көркемсөз оқу. Ешқандай декорациясыз, костюмсіз, үн мен мимиканың қуатымен тұтас бейнені елестету үшін үлкен шеберлікке қоса іштей терең тебіреніс, толғаныс, сезім керек.

А. Оралқызы