Бразилиялық кеш

Бразилиялық кеш
Фото: Karla Nur, tengrinews.kz

Оның есімі Рио-де-Жанейрода ғана емес, бүкіл әлемге әлдеқашан танылып үлгерген. Музыка қауымдастығы биыл бразилиялық музыканың классигі, әйгілі латын америкалық композиторлардың бірі – Эйтор Вила-Лобостың туғанына 130 жыл толуын атап өтпекші. 2 наурыз күні «Астана Опера» театрының Камералық залында «Бразилия бахианасы» концерті өтеді.

Концерттің бұлай аталуы кездейсоқ емес. Вила-Лобостың Бахтың шығармашылығына деген құрметінің нәтижесінде түрлі аспаптар құрамына арналған он сюита – Бразилия бахианалары (Bachianas brasileiras, 1930–1945) дүниеге келгені белгілі. Вила-Лобос екі ұлттың музыкалық жанрын: сереста (дәстүрлі әннің түрі) мен шороны (бразилиялық, үндістің және әйгілі музыка элементтері жиынтығы) насихаттады.

Вила-Лобостың шығармашылығы оның көзі тірісінде-ақ таныла бастады, алайда ол тек композитор ғана емес, дирижер, педагог, фольклор жинаушы әрі зерттеуші, музыка сыншысы және жазушы, әкімші ретінде кең танылды.

Тыңдарман назарына Э.Вила-Лобостың ең үздік шығармалары: №5 ішекті квартет (1931) W263, Фортепиано мен скрипкаға арналған № 2 W 83 (op. 29) соната-фантазия, сондай-ақ, композитордың үлгілі шығармалары – Бразилия бахианалары (№2, №4, №5) ұсынылады.

Бразилиялық туындылардың бар көркемдігін «Астана Опера» театрының жетекші солисттері мен оркестр әртістері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина (сопрано), «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Әсел Жақиянова (скрипка), Жанар Ахатова (альт), Құрманжан Ахатов (виолончель), Диана Сартай (фортепиано) және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» Камералық оркестрі жеткізеді. 

Г. Берік