"Ұлы мен ұры" немесе өткен мен бүгіннің диалогы

"Ұлы мен ұры" немесе өткен мен бүгіннің диалогы
Фото: auezov-theatre.kz

Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз;
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.

Алматының көшелерінде жаяу жүргенді ұнататынымыз рас. Сондай серуендер кезінде қай мезгілде болмасын, аптап ыстықта да, сызды қыста да көшеде отырған қарияларды көреміз. Сол кезде үнемі бір ой келеді. Қате түсінбеңіз, сын емес, кінәлау емес. Жай, көкірекке орнайтын ой. Шер.

Бұл кісі жас кезінде немен айналысқан? (Астамшылдықтан аулақ, өмірде түрлі жағдай болады, бірақ бәрінде бірдей емес қой). Жанұясы, баласы жоқ болса, ең құрығанда еңбек жолында тапқан өзіне жетерлік жағдайы болу керек еді... Тұрғылықты мекенсіз болса, жағдайының жоқтығы. Өйткені өмірін мансапқа емес, отбасына жұмсаса керек. Ендеше, бар ғұмырды сарп етіп, тәрбиелеп, өсірген бала қайда? Кейбір ерекше жағдай болмаса, адам осы екеуінің біріне өмірін арнау керек еді ғой... Не мансап, не ұрпақ.

Сондағы түбінде мазалайтыны – безбүйрек бала қайдан шығады? Көркем мінез, ақ жүрек ұрпақты аңсамайтын ата-ана жоқ шығар... Алайда,  жас буынның жан тазалығын сақтауға қандай тәрбие керек? Нендей амал?

Бүгін М.Әуезов театрында “Ұлы мен ұры” қойылымы болды. Онда да сол. Әке: “Үмітімді ақтамадың”– дейді. Бала “Асқар тауым боп қала алмадың”– дейді. Өткен мен бүгіннің диалогы, өкпе-наласы. Үлкендер жас буынды сұрықсыз, ез көреді. Кішілер өз болмысының болымсыздығына үлкендерді кінәлайды. Әркімдікі өзіне дұрыс. Дұрыс болатын жөні де бар...

Әке ұрпағының өзіндей ұлы болмағанына, тыныштықта туған тұқымның, тәуелсіздік үшін күресіп кеткендердің жігерін сақтап қалмағанына қынжылады. Ал, бала ұқсап баққан асқар тауының көз алдында пақыр төбеге айналғанын қабылдай алар емес.

Алайда әкесі бейшара баласының өзі ойлағандай кішкене миында қандай ұлы толғамдар жатқанын білмейді. Бала болса өз көзіңмен ғана көрген ақиқатқа сену керек екенін әлі ұғып үлгермеген. Мұның бір ғана шешімі бар. Ол – өткен мен бүгіннің, әке мен баланың шер тарқасуы.

Ата-ана, балаңызды үлкен өмірге бос түтік қалпында аттандырмай, жан-дүниесін ізгілікке толтырып жіберіңіз. Бос түтік алдынан жолыққанды сүзбей-ақ сіңіре береді. Ал, сіздің ұрпағыңыздың жүрегінде жамандыққа бос орын қалмайды. Буынаралық әңгіме таусылмасын. Өйткені, тәрбиенің негізі – өсиетті әңгіме.

А. Оралқызы