Ғарыш музыкасы

Ғарыш музыкасы
Фото: Karla Nur

К.Орфтың ең үздік және ең танымал "Кармина Бурана" шығармасы 18 қазанда "Астана Опера" театрының Үлкен залы сахнасында ұсынылады. Кантата ІІІ Халықаралық "Жібек жолы" фестивалінің және Рухани мәдениеттің дүниежүзілік форумы күні аясында орындалады.

Ежелгі Рим мифологиясындағы Фортунаның көзі көрмейтін, ал оның басты белгісі дөңгелек алдына келгеннің бәрі бірдей екенінің символы еді. Шыр көбелек айналдырар тағдырға тосқауыл болу мүмкін емес, бүгін ол сені басқалардың алдында өктем етсе, ал ертең қайғы-қасіретке шырмалып қалуың мүмкін... Міне, қайсар да қажымас Фортунаның заңы қашанда осындай!

Орфтың жоғары поэтикалық музыкасы халықтық сипатқа ие. Мұндағы жарқын лирика өмірге құштарлық пен драматизмге ұштасып жатады. Оны тамаша солистер: Әлфия Кәрімова (сопрано), Жан Тәпин (тенор) және шақырылған баритон Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Ермек Берімжанов орындайды. Олармен бірге сахнада "Астана Опера" хоры мен Симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Бас хормейстер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

– Менің осы уақытқа дейін жазғандарымның барлығын, өкінішке орай, жойып тастауыңызға болады. Өйткені, менің шығармалар жинағым "Кармина Буранадан" басталады,– дейді Карл Орф.

Автордың пікірі көрермен бағасымен дәл келді, бұл әйгілі әрі жұмбақ шығарма бір ғасырға жуық уақыт бойы әлемдік репертуардағы ең танымал туындылар қатарынан түспей келеді.

– Елордалық "Астана Опера" театрының сахнасында бұл шығарма алғаш рет толығымен орындалады. Бұған дейін біз оны жекелеген бөлімдерімен Астананың әртүрлі алаңдарында ұсынып жүрдік және жарнамаларда "Кармина Бурана" деп жазылған бойда, барлық билеттер сөзсіз, санаулы күнде сатылып кететін. Мұның өзі көп нәрсені білдіреді! Мүмкін, оның себебі – кантатаның негізінде қарапайым қуанышты жеткізетін тұрмыстық жанр сипаты жатқандығында шығар, – деді маэстро Ержан Дәуітов.

Атауы турасында алғанда опус әдеби жинаққа жатады, ол шамамен 1300 жылы жазылған (Carmina латынша – өлеңдер, тақпақтар; Burana – латынша атауы, XIX ғасырда баварлар елінен табылған қолжазба). Бұл естелік жинақта 150-ге жуық француз, неміс, ағылшын, италиялық ақындардың әндері мен өлеңдері топтастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, шығарма Рухани мәдениеттің дүниежүзілік форумын өткізу күні аясында орындалады. 18 қазанда Қазақстанда жыл сайын Рухани келісім күні аталып өтеді. Бұл – бірлік пен кешірім, мейірімділік пен өзара түсіністік күні. Біздің елімізде мекендеген барлық халықтың адамгершілік және рухани бірлігі, барша Республиканың одан әрі гүлденуінің басты іргетасы.

Г. Берік