Абай театры жаңа маусымын "Абай" операсымен ашады

Абай театры жаңа маусымын "Абай" операсымен ашады

Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театры 12 қыркүйек күні кезекті театр маусымын ашпақшы.

Жазғы демалысты артқа тастап, театр ұжымы 79-маусымның шымылдығын түруге қызу дайындық үстінде. 12 қыркүйек күні өнерсүйер қауым назарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы ұсынылады.

Биылғы театр маусымының ашылуында ҚР Халық әртістері Нұржамал Үсенбаева мен Шахмардан Әбілев, К.Байсейітова атындағы Республикалық конкурстың лауреаттары Болатбек Бөкенов пен Талғат Күзембаев басты партияларды орындап, театрдың опера труппасының әртістерімен бірлесе өнер көрсетеді. 79-маусымның алғашқы қойылымында халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері, театр солистері, «Парасат» тобының мүшелері Дулат Тоқанов пен Мейір Бәйнеш те қатысады.


Театр әкімшілігі келер маусымының ерекшеліктерімен бөлісуде. Биылғы жылдың аяғына дейін үш бірдей жаңа қойылымның тұсауы кесілмекші. Қыркүйек айының 15-16 жұлдызында Карл Орфтың «Кармина Бурана» балет-кантатасының премьерасы өтеді. Қоюшы-балетмейстер ҚР халық әртісі Гүлжан Түткібаева. 20-21 қазанда Нұржан Байбусинов пен Ерболат Ахмедияровтың дирижерлік етуімен Моцарттың «Сарайдан алып қашу» операсының тұсауы кесіледі. Желтоқсан айының басында Ф.Легардың «Көңілді жесір» операсы шетелдік режиссер Миклош Синетардың қойылымымен өнерсүйер қауымға жол тартады деп жоспарлануда.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер Мейір Бәйнештің жеке мұрағаты мен ya-mama.kz сайтынан алынған

Ғ. Ұзақ