Астанада III Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді

Астанада III Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді
Фото: Астана Опера театрының баспасөз қызметі

Биыл қыркүйектің 10-17 аралығында Астанада ІІІ Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді. Конкурстың құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы – соңғы жылдары Қазақстанның хореография өнерін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жеке қоры.

ІІІ Халықаралық балет әртістері конкурсының Бас серіктесі – Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Қоры.

Шығармашылық сайыстың негізгі мақсат-міндеті – хореография өнерін дәріптеу; классикалық балет дәстүрін сақтау және дамыту; дарынды жас әртістерді анықтап, ынталандыру; Қазақстанның мәдени имиджін өсіру.

Конкурстар қоғам мүшелері мен әртістердің көңілін белгілі бір өнер түріне бұрып, нәтижесінде осы саладағы мол жетістіктерге куә боламыз. Біздің конкурс та осындай нәтиже әкелетініне сенеміз. Сөз жоқ, конкурстың тағы бір қыры – еліміздің мәдени имиджін асқақтату, себебі конкурсқа дүние жүзінің әртістері жиналады деп есептейді қордың атқарушы директоры және конкурстың ұйымдастыру комитетінің төрайымы Әсел Құрманбаева.


Конкурсқа 17-25 жас аралығындағы Қазақстанның, Ресейдің, Орта Азияның, Еуропа мен Жапонияның әртістері қатысады. Бұған дейінгі екі конкурс Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтті. Бірінші конкурс 2006, ал екінші конкурс 2009 жылы өтіп, оған Болгария, Ресей, Украина, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан өкілдері қатысты. Биылғы конкурстың аумағы біршама кеңейді.

Конкурстың жүлде қорында әйелдер мен ерлер арасында жеке дара гран-при, бірінші, екінші, үшінші орын және бірнеше ынталандыру жүлдесі бар: үздік дуэт, «Үкілі үміт», заманауи хореографияны үздік орындағаны үшін және т.б.

Конкурстың қазылар алқасына қазіргі балеттің белді тұлғалары еніп отыр. Олар:

Тамас Золимози – Мажарстан ұлттық балетінің директоры, керемет биші әрі хореограф;

Сяо Сухуа – жетекші қытай хореографы, Пекин би академиясының профессоры, Қытай ұлттық би қауымдастығы Балет комитетінің атқарушы вице-президенті;

Стефан Жеромский – дарынды хореограф, әйгілі балетмейстер Иржи Килианның ассистенті;

Луиджи Бонино – италиялық балетмейстер, жуырда «Астана Опера» сахнасында Ролан Петидің «Париж Құдай Анасының соборы» спектаклін қойды;

Йозеф Долинский – Словакия Ұлттық театрының балет директоры;

Василий Медведев – «DANCE OPEN» халықаралық балет фестивалінің негізін қалаушы. 

Қазылар алқасының жауапты хатшысы ретінде Балет конкурстарының халықаралық федерациясының бас директоры – Сергей Усанов шақырылды.

Қазылар алқасының төрайымы – ХХ ғасыр балетінің аңызына айналған, Мариинский театрының этуалі, қазіргі кезде «Астана Опера» театры балетінің көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Ол конкурсқа қатысушыларға үндеуінде былай деп еді: «Конкурс – толқумен қатар, үлкен мереке! Би мерекесі, жаңашылдықтың, жастықтың мерекесі! Конкурсқа қатысушылардың өнерін тамашалауға асықпыз. Жандарыңды салып, шабыттана билеңдер!».

Астанадағы III Халықаралық балет әртістерінің конкурсы оған қатысушылар үшін ғана емес, осы өнерді сүйетін қауым үшін, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын оқиға, нағыз би мерекесіне айналары сөзсіз.

Г. Берік