«Астана Опера» театры Беларусь Республикасында өнер көрсетеді

«Астана Опера» театры Беларусь Республикасында өнер көрсетеді
Фото: Karla Nur

«Астана Опера» театрының жетекші солисі Гауһар Усина мен балет әртісі Жәнібек Иманқұлов Беларусь Республикасының Үлкен театрында өнер көрсетпек. 17 маусым күні қазақстандық жұп «Үлкендегі балет жазы» фестивалінің галаконцертіне қатысады.

Әртістер белоруссиялық көрермен назарына атақты шебер Б.Эйфманның қойылымындағы әйгілі «Роден» балетінен және Дж.Уильямстың музыкасына қойылған «Жоғалған жұмақ» миниатюрасынан үзінді ұсынады. Хореограф К.Зверева бұл  номерлерді аталған солистермен арнайы дайындады.

Халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина үшін бұл гастрольдік сапар эмоция мен әсерге толы болмақ. Жетекші солист Қазақстанның Беларусиядағы мәдени күндеріне қатысқанын, Минскінің ақжарқын тұрғындарын ерекше ықыласпен еске алады.

– Мен белоруссиялық сахнаға асқан қуанышпен шығамын. Бізді әлемнің барлық театры қоя бермейтін, сирек орындалатын бағдарлама ұсынатынымыз қуантады. Дайындаған номерлеріміз мұнда алғаш рет орындалмақ. Бүгінде «Астана Опера» театрының репертуарында әлемдік балет классиктерінің туындыларынан бөлек, қазіргі заманғы хореографияның көптеген жарқын үлгілері қалыптасып келе жатқандықтан, осындай мүмкіндікке ие болдық,– деді солист.

Балерина Минск сахнасында өнер көрсетіп үлгерсе, талантты жас әртіс Жәнібек Иманқұлов үшін бұл Беларусь Республикасына алғашқы сапары.

– Бізге қазақстандық балет мектебін лайықты деңгейде көрсету жауапкершілігі артылып отыр. Мен бұған дейін Гауһар Усинамен бірнеше рет бірге биледім, біз бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз, сезінеміз. Бәрі жақсы шығатынына сенемін,– дейді Ж.Иманқұлов.

Қойылым белоруссиялық Үлкен театр мен «Астана Опера» арасындағы мәдени байланыстың бір бөлігі болатыны анық. Қол жеткен меморандум аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай Минск сахнасында Дж.Пуччинидің «Турандот» операсындағы Лиу партиясын зор сәттілікпен орындаса, белоруссиялық прималар Марина Вежновец пен Александра Чижик «Астана Опера» театрының балеттік қойылымдарында – Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» мен Л.Минкустың «Баядерка» спектакльдерінде биледі.  

Г. Берік