Астана Опера театрында қайырымдылық концерті өтеді

Астана Опера театрында қайырымдылық концерті өтеді
Фото: Karla Nur

Жазғы демалыспен бірге балаларға арналған мерекелік іс-шаралар да жалғаса береді.  11 маусым күні «Астана Опера» театрының Камералық залында мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасы балаларына арналған қайырымдылық концерті өтеді.

Жас тыңдарман үшін К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» орындалып, естелік сыйлықтар таратылады. Бұл күні Камералық оркестрі дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Концерт қазақ тілінде өтеді, жүргізушісі – музыкатанушы Төлеген Назарбеков. Ол әйгілі француз композиторларының туындылары кездейсоқ таңдалмағанын айтты.

– Біз балалардың ойлау қабілетін, қиялын оятқымыз келді. Концерт репертуарына бүлдіршіндердің қабылдауына сай келетін классикалық музыканың ең таңдаулыларын іріктеп алдық,– дейді Төлеген Назарбеков. 

Бұл театр сахнасында өткізілгелі отырған  төртінші қайырымдылық концерті.  Іс-шараға осыған дейін 750 бала қатысты.

– Ең кішкентай көрермендер үшін екі тілде жүретін 5 түрлі бағдарлама әзірленді. Танымдық музыкалық кездесулер балалардың музыканы шаршамай, мұқият тыңдауы үшін белгілі бір тақырыпқа тақпақтар, жұмбақтар, сөзжұмбақтар, суреттер, бейнеинсталляциялар ұйымдастырылуы арқылы ойын түрінде өткізіледі. Шараның басты мақсаты – балаларды классикалық музыканы қабылдауға үйрету. Балалар концерттің интерактивті бөліміне асқан қызығушылықпен қатысады,– дейді Т.Назарбеков. 

Г. Берік