Аттила – Астана Опера сахнасында

Аттила – Астана Опера сахнасында
Фото: Karla Nur

Ғұндардың көсемі елордалық театрдың Үлкен залына қайтып оралады. 8 маусым күні «Астана Опера» сахнасында Дж.Вердидің «Аттила» қойылымы. Музыкалық жетекші әрі дирижер – Абзал Мұхитдинов, қоюшы режиссер – Наталья Кагадий, сценограф – Виктор Караре, қоюшы хормейстер – Ержан Дәуітов, қоюшы хореограф – Тұрсынбек Нұрқалиев, жарық суретшісі – Евгений Тихонин, бейнепроекция суретшісі – Нұрлан Әбішев. 

Опера Захариус Вернердің «Аттила, ғұндар патшасы» трагедиялық романының желісіне құрылған. Оқиға 453 жылы өрбиді: бас кейіпкер Еуропаның жартысын дерлік жаулап, өз әскерін Римді басып алу үшін Италияға әкеледі. Сол жерден Одабелланы кездестіреді...

Аталған партияны Мария театрында (Ресей), Бастилия (Франция), SonyCentre (Канада) тағы да басқа әлем сахналарында орындаған Жұпар Ғабдуллина, бұл репертуарындағы ең қиын рөлдердің бірі екенін айтады. 

– Операда композитор терең драмалық тақырыптарды ашады. Кейіпкерлерге махаббат, қызғаныш, кек, құрбандыққа бару, құмарлық сияқты сезімдер бөтен емес. Ержүрек Одабелла әкесінің кегін алып, мықты Аттиланы өлтіруі арқылы өлім тақырыбы айқын көрсетіледі,– дейді Жұпар  Ғабдуллина. 

Бас партияны Арменияның халық әртісі Барсег Туманян орындайды. Әлемдік деңгейде аты шыққан бас  Лучано Паваротти, Пласидо Доминго сынды әйгілі әншілермен бірге театр сахналарында өнер көрсеткен. Вокалшы Аттила рөлін аңызға айналған лондондық Ковент-Гарден театрының сахнасында сомдады. Жетекші солист өз кейіпкерін мейірбан, сенгіш деп есептейді.

Ол әлемге, әлемдік өркениетке қарсы шығып, тарихта өз ізін қалдырған жан. Аталған операны xристиан діні мен пұтқа табынушылық арасындағы күрес ретінде қарастыруға болады,– дейді Барсег Туманян. Қоюшы режиссер Наталья Кагадийдің түсінігінше «Аттила» – басты идеясы «соғыс», «сенім» және «маxаббат» сөздерінде жатқан аса зор психологиялық драма. 

– Сенім – кез келген бастамаға күш беретін аса зор қуат, ал сенімнен маxаббат нәр алады да, осының бәрі сөзсіз жеңіске жеткізеді. Спектакльде соғыс қандай да бір шайқас түрінде көрсетілмейді, дегенмен ол жайлы үнемі сөз қозғалып, сауыт киген адамдар саxнадан түспейді. Операда сенім идеясы бірінші кезекте, Аттиланың бейнесі арқылы өте анық айшықталады. Патриоттық сезімнің бастауы қай заман болмасын, әркез күшін аямай күресетін xалықтың Отанға және туған жеріне деген сүйіспеншілігі арқылы ұсынылады. Көрермен махаббатты басқа адамға деген сезім түрінде де тамашалайды. Спектакльде музыкалық партитура қажет ететін көпшілік қатысатын көрініс көп, мен саxнада терең псиxологиялық мағынаға толы қимыл партитурасын жүзеге асырамын,– деді Наталья Кагадий.    

Қоюшы танымал той-думан көрінісінде бас кейіпкерді биік руxаният иесі етіп көрсетеді. Режиссер ойластырғандай, Аттила барша жұртты өзінің мерекесіне ән салып, көңіл көтеруге шақырады. Ол бір кезде қонағы – римдік елшіге «римдіктердің ермегін» – соңында гладиатор қаза табатын гладиаторлар шайқасын көруді ұсынады. Осы көрінісімен Аттила өзін жабайы деп атаған римдіктерге: «Сонымен қайсымыз жабайымыз: мен бе, әлде сендер ме?» деген сұрақ қояды. 

Спектакль күрделі ауыспалы көріністерге толы. Қойылымда кинодағыдай әсер туғызып, V ғасырдың атмосферасын жеткізетін бейнепроекция қолданылады.

Римдік әскербасшысы Эционың партиясына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев дайындалып жатыр, аквилеялық жауынгер Форесто – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин, римдік епископ Леоне – Александр Красиков, Ульдино – Рамзат Балакишиев. Спектакльге «Астана Опера» хорының және симфониялық оркестрінің әртістері қатысады.

Г. Берік