Нысанада – театр

Нысанада – театр
Фото: Вадим Соловьев

Белгілі қазақстандық фотограф Вадим Соловьев «Астана Опера» театрын нысанаға алды. Ол бізге қазақстандық қалаларды, отандастарымыздың шынайы келбетін суретке түсірген кітаптары мен фотолары арқылы таныс. 14 сәуірде «Астана Опера» театрының бас фойесінде В.Соловьевтың «Сахнаның екі жағы» атты көрмесі ашылады.

Опера және балет спектакльдеріне, сонымен қатар, театрды көруге келетін көрермен, өз заңымен өмір сүретін «Астана Опера» атты ғажап әрі еліктіріп әкетер әлемнің сұлулығын жеткізетін экспозицияларды тамашалау мүмкіндігін иеленеді.

Көрменің атауында оның идеясы анық көрсетілген: «Сахнаның екі жағы» – бұл сахнадағы салтанатты сәннен бастап, оның сыртындағы маңдай тер төгілетін еңбекке дейінгі құпияға толы спектакльдер мен дайындықтар туралы әңгіме. Фойеде қырықтан астам сурет арнайы стендтерде орналасқан.

– Алғаш рет көргенде, «Астана Опера» театры үлкен әсер қалдырды. Оның кең де, көздің жауын алатын залдарын, репетиция бөлмелерін, заманауи гримдеу бөлмелерін қызыға аралап шықтым. Сол кезде бірден бұл дүние суретке түсіріліп, тарихта қалуы тиіс деген ойға келдім. Алайда бәрінен бұрын мені сахна сыртында жүріп жатқан әртістердің жұмысы қызықтырды. Сахнада біз мұзтаудың бір бөлігін, оның жылтыраған шыңын ғана көреміз. Ал күн сайын діңкеңді құртатын ауыр еңбек сахна сыртында қалады. Мен спектакльдерге, концерттерге, дайындықтарға келіп, театрдың әрбір бұрышын өте ұзақ зерделедім. Көрме жасау идеясы осылай туындады. Театрды өмір бойы түсіруге болады, бұл шексіз тақырып,  деді Вадим Соловьев.

Мамандар айтуынша, В.Соловьевтың жұмыстарында құжатқа тән дәлдікке баса назар аударылмайды  Вадим Соловьевтің фотосуреттері бейнелі, сондықтан да көрерменге  театрды қарап шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, оның атмосферасын сезінуге, яғни музыканы тыңдауға және бидің барлық позициясын сезуге мүмкіндік береді.

Вадим Соловьев 1992 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы фотограф ретінде белгілі баспалармен әріптестік құрды. Оның соңғы көрмелерінің бірі 2015жылы елордалық Бейбітшілік және келісім сарайында, «Астана кештері» деп аталатын III халықаралық өнер фестивалі аясында өтті. Ол 2014 жылы Алматы маңындағы жайлауда шопанның өмірі туралы баяндайтын «Ассы. Күміспен қапталған алқап» деп аталатын кітабын шығарған.

Г. Берік