Жануарлар зардап шеккен жоқ,«Аққу» да тірі

Жануарлар зардап шеккен жоқ,«Аққу» да тірі
Фото: «Астана Опера»театрының баспасөз қызметі

Белгілі композитор Шарль-Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы», сонымен қатар «Зоологиялық қиял-ғажайып» туындысы астаналық театрдың балаларға арналған жаңа шығармашылық жобасы. 17 қаңтар күні Руслан Баймурзин басқаратын «Астана Опера» Камералық оркестрі сюитаны орындайды.

Сен-Санстың музыкасы өнерге қатысы жоқ адамдар арасында да танымал. Алғаш рет сюита 1886 жылғы 9 наурызда орындалған. Бұл шығарманы тек әзіл ретінде қабылдаған Сен-Санс «жеңіл» музыканың авторы деп атамасын деген оймен, көзінің тірісінде оны орындауға тыйым салған. Сөйтіп «Жануарлар карнавалы» 1921 жылы композитор қайтыс болғанға дейін, тек жеке үйлер мен салондарда ғана орындалып жүрді. Виолончель мен фортепианоға арнап шығарылып, орындауға Сен-Санс рұқсат берген сюитаның жалғыз бөлігі – «Аққу» пьесасы – оның тірі кезінде де музыканттар репертуарына нық енген еді.

Сюитаның бұл он үшінші нөмірін ересектер ғана емес, балалар да сүйіп тыңдайды. Балетмейстер Михаил Фокин мен атақты балерина Анна Павлованың арқасында бұл спектакль табысқа жетті. Хореографиялық жауһардың қайғылы аяқталатыны музыкалық тұрғыдан алғанда білінбейді: әуеннің ырғағында өлім мүлдем сезілмейтіні қызық.

Жалпы алғанда, «Жануарлар карнавалы» әзілге толы: оның жеке бөліктерінен белгілі шығармалар мен олардың үзінділеріне сықақтарды тыңдауға болады.

 Концертте балаларға қалалық хайуанаттар бағына бізбен бірге «Жануарлар карнавалына» музыкалық серуен жасауды ұсынамыз. Жас тыңдарман симфониялық оркестр аспаптарының дыбысы қалай шығатынын, олардың жануарлар мен құстар даусын және қылығын қалай дәл келтіретінін естиді. Константин Рубенский өлеңдері концерттің поэзиялық арқауы болады. Концертте көрерменге қазақ тілінде әсерлі әңгімелер мен жұмбақтар ұсынылады. Одан бөлек, музыканы жете қабылдау үшін балаларға көркем анимация әзірленді,  дейді музыкатанушы Сәуле Мәулетова.

«Жануарлар карнавалындағы» сюиталар музыкасы танымал болғанмен, көпшілік оған енген әуендердің осы шығармаға жататынын біле бермейді.

 Барлығыңызды осы концертке шақырамыз. Ұлы француз композиторының музыкасы балаларға ғана емес, үлкендерге де қызық болады деп ойлаймын,  деді музыкатанушы.

Г. Берік