Тәуелсіз Қазақстан, өнеріміз өзіңе арналады!

Тәуелсіз Қазақстан, өнеріміз өзіңе арналады!
Фото: Karla Nur

«Астана Опера» театры Тәуелсіздік күнін «Тәуелсіз Қазақстан, өнеріміз өзіңе арналады!» атты концертімен атап өтеді. 16 желтоқсанда театрдың Мәрмәр залында опералық сахна жұлдыздары және «Астана Опера» театрының хоры мен симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Концертке маэстро Абзал Мұхитдинов дирижерлік етеді.

Кеш бағдарламасында қазақ және әлемдік музыка классикасының танымал шығармалары: Құрманғазының күйі «Балбырауын», Брусиловскийдің аттас операсынан Қыз Жібектің құрбыларымен бірге орындайтын «Гәкку» сахналық көрінісі, Т.Мұхамеджановтың «Туған жер» атты домбыра мен қобызға арналған дуэті симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалады. Сонымен қатар Глинканың «Руслан мен Людмила» операсынан Людмиланың каватинасы, Ардитидің «Поцелуй» әні, «Таис» операсынан скрипкаға арналған Массненің Медитациясы және тағы басқа шығармалар паш етіледі.

– Премьералық шығармалардан Вена консерваториясының түлегі Мәдина Исламова орындайтын В.Беллинидің «Монтекки мен Капулетти» операсынан Джульеттаның ариясы және Алмас Серкебаевтың симфониялық оркестрге арналған түпнұсқадағы «Шалқымасы» ұсынылады. Одан басқа, кеште керемет опера әншісі Жұпар Ғабдуллинаның және «Астана Опера» хорының орындауында Дж.Вердидің «Аттила» операсынан Одабелланың ариясын еске аламыз, - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

1990 жылы 25 қазан Қазақстан азаматтары үшін тарихтың ескі кезеңі аяқталып, Республика дамуының жаңа парақтарының ашылуын білдіретін ерекше күн екенін еске сала кетейік. Осы күні еліміздің алғашқы негізге алынатын заңнамалық құжаты Тәуелсіздік Декларациясы жарияланды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы қабылданған. Осылайша 2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтпек.

– Аталған мереке барлық қазақстандық үшін өте маңызды оқиға болмақ. Тәуелсіздігіміз еліміздің әрбір тұрғынының тағдырынан көрініс тапты деп ойлаймын. Өзімді мысалға алар болсам, осы күннің арқасында және мемлекетіміздің даму тарихындағы жаңа кезеңнің арқасында маған Батыста білім алуға мүмкіндік туды, кеңестік кезеңде бұл туралы тіпті армандамайтынмын. Бұл көптеген үлкен жобаларда өзімді көрсетуге мүмкіндік берді, - деді маэстро. 

Осы бір керемет мерекеде көрерменге өнерін паш ететін операның жарық жұлдыздары мен үздік музыканттар –  Бағдат Әбілханов, Руслан Баймурзин, Әлфия Кәрімова, Жұпар Ғабдуллина, Жәмиля Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Қапонова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Мәдина Исламова,Татьяна Вицинская, Бейімбет Таңарықов, Жанат Шыбықпаев, Талғат Ғалеев, сонымен қатар «Астана Опера» тамаша хоры мен толық үнді симфониялық оркестрі.

Концерттің басталуы - 18:00.

Г. Берік