Ең үздік қазақ романстары шырқалады

Ең үздік қазақ романстары шырқалады
Фото: Karla Nur

«BelСanto музыкалық салоны» өз тыңдарманын жаңа бағдарламамен қуантуын жалғастырып келеді, 4 желтоқсанда көрерменді қазақ классикалық романстарына арналған кеш күтуде.

Концертте қазақстандық композиторлардың құнды шығармалары – С.Мұхамеджановтың «Өзгеге көңілім тоярсың», Қ. Мусиннің «Алма бағында», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», Е.Рахмадиевтің «Таң самалы», Н.Тілендиевтің «Кел еркем, Алатауыңа», Л.Хамидидің «Қуанамын», Ғ.Жұбанованың «Ақша бұлт» және т.б. композиторлардың романстары, танымал әндері, камералық-вокалдық шығармалары шырқалады.

Романс – лирикалық мазмұндағы өлеңге жазылған, белгілі бір  аспаптың сүйемелдеуімен жеке дауыста орындалатын шағын музыкалық шығарма. Қазақтың классикалық романсы XX ғасырдың басында пайда болды, алайда XVII-XVIII ғасырлардағы қазақтың лирикалық әндерін оның қайнар көзі ретінде  санауға болады. Содан бері ол дамып, уақыт өткен сайын жаңғырып келеді. Романстарға, орыс романсының классикалық музыкалық формасын және қазақ халқының бай ән өнерінің мәдениетін негізге алған Абай Құнанбайұлы үлкен әсер еткен.

«Астана Опера» театрының музыкалық кеңесшісі Р.Бескемпірова:
– Біз барлық қазақ классигінің шығармашылығын қамтығымыз келеді. Аталған концерт классикалық романстарға шолу жасайды, олардың көпшілігі біздің сахнамызда алғаш рет орындалмақ. Кеште Н.Тілендиевтің шығармалары орындалады, атақты композитор атындағы «Академиялық вокал» номинациясымен байқау бар екенін айта кеткім келеді. Аталған концертке қатысатын көптеген әнші осы байқаудың лауреаттары мен Бас жүлде иегері. Сонымен қатар Камералық залда Н.Меңдіғалиевтің вокалдық циклі тұңғыш рет ұсынылады. Осы кешке біз аталмыш композитордың Абайдың өлеңдеріне жазылған таңдаулы романстарын Астанада бірінші болып орындаған белгілі тенор Қияқбай Асанбаевты өнер көрсетуге шақырдық,- дейді «Астана Опера» театрының музыкалық кеңесшісі Раушан Бескемпірова.

Қияқбай Асанбаев Абайдың шығармашылығына, романстарға арналған музыка жазылған өлеңдеріне үлкен құрметпен қарайтынын айтты.

– Ақын шығармаларында  бүгінгі күннің шынайы көрінісі байқалады, оның поэзиясы қазір де өзекті болып отыр. Н.Меңдіғалиевтің романстары өзінің саздылығымен және айрықша философиялық мазмұндылығымен ерекшеленеді. Мен бұл шығармаларды қуана-қуана орындаймын және біз оларды ұмытпауымыз керек. Кеште ұсынылатын бағдарлама көрерменге ұнайтынына сенімдімін, – дейді.

Концертке қатысатындар: Жанат Шыбықпаев, Ғалия Байғазинова, Роза Нұркей, Ерұлан Кәмел, Әсем Сембина, Бибігүл Жанұзақ, Ербол Сәдуақасов, Салтанат Мұратбекова, Гүлбану Ержанова, Мәдина Исламова, Жәмиля Жарқымбаева, Айзада Қапонова, Елена Ганжа, Болат Есімханов, Алмат Ізбәмбетов, сонымен қатар, «Астана Опера» театрының солистері мен хор әртістері.

Фортепиано партиясы – Раушан Бескемпірова.    

Концерттің басталуы - 19:00

Г. Берік