Гаремдегі Зарема

Гаремдегі Зарема
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Әнел Рүстемова «Астана Опера» театрының Үлкен залында классикалық балеттің ең жарқын кейіпкерлерінің бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаеваның қойылымындағы Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» хореографиялық драмасында өктемшіл хан Герейдің сүйікті әйелі – Зареманың бейнесін ұсынады. Жетекші солистің дебюті 5 желтоқсанда болады.

Балерина кейіпкердің ұшқыр сезімділігі, мақсаткерлігі және көшбасшылық қасиеттері жанына жақын екенін айтты. Училищенің екінші-үшінші сыныптарында жүрген бала кезінде де Әнел «Бақшасарай бұрқағы» балетінен көріністерді құрбысымен бірге орындауға тырысып, әрдайым тек осы образды қалайтын.

 Мен Зареманың рөлін орындайтыныма өте қуаныштымын. Бұл партияны дұрыс жеткізу үшін кәсіби және эмоциялық тұрғыдан жетіле отырып, оған саналы түрде келу қажет. Герейдің махаббатынан құр қалған сұлу да жас қыз өмірдің мәнін жоғалтады. Оның күйзелісін балалық ренішпен, ызақорлықпен шатастырмаған абзал. Өйткені эмоцияға қатты берілетіндіктен, оның күрделі техникасы мен қарқындылығы үйлесім табады, ал одан бөлек ауқымды қозғалыстарға, айналуға және күрделі вариациялық секірулерге де күш қалдыру қажет,- деп балет өнерінің қыр-сырымен бөлісті Әнел Рүстемова.

Зареманың биі жарқын, серпінді және үздік шыққан партиясы драмалық элементтерге толы. Орындаушыдан шынайы әртістік пен айрықша музыкалық қабілетті талап ететін кейіпкердің тәкаппар бейнесінде асқан құмарлық, жүгенсіздікті паш ететін қызбалық басым. Оған денесінің икемділігімен және кең қозғалыстармен секірулермен қайшылыққа түсетін мәнерлі, қажыған, сезімтал, еліктіргіш жеңілдік тән.

Қатыгез де өктем қырымның ханы Герейді Жәнібек Иманқұлов, жас поляк ханшайымы Марияның партиясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева орындайды, Вацлав – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов, Нұрәлі – Серік Нақыспеков.

Театр репертуарындағы осы бір ең көрнекті қойылымның бірін Қазақстан мен Италия театр өнерінің дарынды шеберлер тобы жүзеге асырды. Еуропалық және шығыстық нақыштағы тамаша декорациялармен атақты сценограф Эцио Фриджерио жұмыс жасады, үлкен әсер қалдыратын костюмдердің авторы – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино, 3D өлшеміндегі тамаша бейне кескіндерді Серджо Металли, таңдаулы жарық партитурасын Виничо Кели әзірледі.

6 желтоқсанда елордалық балет сүйер қауым Борис Асафьевтің хореографиялық поэмасын басқа құрамда тамашалай алатынын айта кетейік. Зарема партиясын Әйгерім Бекетаева орындайды, Керей – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров, Мария – Назерке Аймұхаметова, Вацлав – Еркін Рахметуллаев, Нұрәлі – Бақтияр Адамжан.

2 көріністен тұратын қойылым 18:00-де басталады. 

Г. Берік