Тұңғыш Президент Күнінде сүйікті әндер шырқалады

Тұңғыш Президент Күнінде сүйікті әндер шырқалады
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

1 желтоқсанда «Астана Опера» театрының Камералық залында керемет музыкалық туындылар орындалады, олардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті әндері де бар. «Елім деп соққан жүрегі» атты мерекелік концерт Тұңғыш Президент Күніне арналады.

1991 жылы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланғанын еске сала кетейік. Мереке Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Республикаға сіңірген зор еңбегін атап өту және таныту мақсатымен белгіленген.

Кеште қазақ, орыс және батыс еуропалық композиторлардың вокалдық және аспаптық шығармалары орындалады. Бағдарламада Тұңғыш Президенттің сүйікті әндері: «Дудар-ай», Е. Хасанғалиевтің «Мереке күніңмен», «Коробейники» және т.б. ерекше орын алады. Одан басқа тыңдарманға М.Гранжанидің «Байырғы стильдегі ариясы», Г.Диникудің «Хороводы», Ж.Бизенің «Кармен» операсынан Р.Мендес өңдеген әйгілі «Хабанерасы» ұсынылады.

Көрерменді күтіп тұрған музыкалық сыйлықтар – солистер джаз композициясын және арфаның сүйемелдеуімен С.Рахманиновтың «Алеко» операсынан жас сығанның романсын орындайды, Балалар студиясының жас әртістері Ә.Әбдінұровтың «Сүйікті менің Қазақстаным» қойылымын және тағы басқа бірнеше нөмірлер дайындап жатыр.

 Біз көрерменімізге нағыз мереке сыйлағымыз келеді. Концерттің тақырыбын түрлендіріп, күлкілі қойылымдар қостық, сахнамызда орындалмаған композициялар ұсынылады. Барлық солист ұлт Көшбасшысына ризашылығын білдіреді, ол кісі мәдениетті қолдайды, біздің спектакльдерге, тұсаукесерлерге келеді – бұл биік мақсаттарға жетуге ынталандырады. Осы салтанатты күні Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді музыка тілінде жеткізгіміз келеді, - дейді аға концертмейстер Елена Сахно.

Концертте өнер көрсететін опера солистері: ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Башқұртстан Еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Маргарита Дворецкая мен Жан Тәпин, халықаралық конкурстар лауреаты Талғат Ғалеев, дарынды аспапшы-музыканттар Любовь Ткаченко (арфа), Кирилл Красюков (скрипка), Александр Малиновский (туба), ішекті аспаптар квартетінің құрамында: Ережепова Нарғыз, Кирилл Красюков (скрипкалар), Жанар Ахатова (альт), Құрбанжан Ахатов (виолончель), сонымен қатар Алтынғаным Ахметова жетекшілік ететін «Астана Опера» Балалар театры студиясының хоры.

Фортепиано партиясын халықаралық конкурстар дипломанты, «Мәдениет қайраткері», концерт авторы  Елена Сахно орындайды.

Концерт 17:00-де басталады.

Г. Берік