Бетховен симфониясы – қазақ дирижері тізгінінде

Бетховен симфониясы – қазақ дирижері тізгінінде
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Көрнекті симфониялық шығарма – Людвиг ван Бетховеннің Тоғызыншы симфониясы астаналық театрдың Үлкен сахнасында 29 қарашада орындалады. Дирижерлік тізгінде – концертті ұсынған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаев.   

Л.Бетховеннің барлық аспапты туындыларының ішіндегі ең жойқыны, оның бүкіл шығармашылығының негізгі тақырыбына айналған батырлық күресті паш етеді. Шиллердің «Қуаныш» атты мадақ өлеңіне жазылған симфониядағы хордың финалы туындының идеясын жеткілікті аша түседі. Кезінде цензураның талаптары ақынды мадақ өлеңінің түпнұсқадағы «Бостандық» деген атауын «Қуаныш» етіп өзгертуге мәжбүрлеген.

Симфония, зұлмат күнде де озық идеалдардың өміршеңдігін еске салатын, адам реакциясының батыл қадамын паш етіп, күрескер жанның жалғыз еместігін және бірігу бостандыққа апарар жол екендігін баяндайды. Бетховен өзінің оптимистік сезімін бұрын-соңды осылайша – революциялық құштарлыққа тән етіп жеткізген емес.

 Бетховеннің Тоғызыншы симфониясы – менің сүйікті шығармаларымның бірі, сонымен қатар оған ләззатпен дирижерлік етемін. Соңғы рет мен аталған симфонияны Голландияның түрлі қалаларында аптасына 4 рет ойнап, әр кез осы ұлы музыканы орындау алдында қатты қобалжуда және зор сүйіспеншілікте болдым. Симфония тек техникалық тұрғыдан ғана күрделі емес, ол асқан эмоциялық жалынды талап етеді, сондықтан оған жеке концерт арналады,- деді Алан Бөрібаев.

Бұл туынды бүгінгі таңда қалай қабылданатынын сұрағанымызда, «Астана Опера» театрының бас дирижері шығарманың соңғы бөлігіндегі: «Құшақтасыңдар, миллиондаған адамдар!» деген үндеуі адамзаттың соғыссыз және қақтығыссыз, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге үйренгенше өзекті саналатынын айтты.

 Мен Бетховен өмір сүріп, туындылар жазған қала – Венада оқығаныма бақыттымын. Содан бері Бетховеннің тоғыз симфониясын да жиі орындаймын және шетелдік оркестрлер мені веналық классикалық дирижерлік мектептің өкілі ретінде өте жиі шақырады. Қай жерде болсам да, Бетховеннің музыкасы, менталитеттегі айырмашылыққа қарамастан, тыңдаушыларды толғандыратынын көремін.

Атақты музыкалық шығарманы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі маэстро Алан Бөрібаев басқаруындағы «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі орындайды. Концертке ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік ететін хор әртістері қатысады. Бетховеннің сөзін («Қуаныш» мадақ өлеңі): ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері, тенор Жан Тәпин және баритон Сүндет Байғожин, Башқұртстанның Еңбек сіңірген әртісі, колоратуралық сопрано Әлфия Кәрімова мен халықаралық конкурстардың лауреаты, меццо-сопрано Татьяна Вицинская ұсынады.

Концерт 18:00-де басталады.

Г. Берік