Классика және петерборлық рок-н-ролл

Классика және петерборлық рок-н-ролл
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Белгілі альтшы Алексей Людевиг (Санкт-Петербор) 25 қарашада елордалық театрдың Камералық залында өтетін «Бароккодан рокқа дейін» атты концертте өнер көрсетеді. Сирек кездесетін электрлік альт музыкалық аспабында Queen, Bill Haley&His Comets рок топтарының танымал шығармалары орындалады, музыкант классикалық туындыларды 1661 жылы Антонио Мариани жасаған альтте ойнайды.

Сахнаға гастрольдік өнер көрсетушімен бірге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігімен «Астана Опера» театрының камералық оркестрі шығады. Сонымен қатар солист ретінде оркестрдің концертмейстерлері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Айсұлу Бәйкенова және флейталар тобының концертмейстері Алексей Косырев та өнер көрсетеді.

 Людевиг мырза, «Астана Опера» театрындағы алғашқы концертіңізден не күтесіз?

 Әрбір қойылатын концерт өзінше ерекше. Суретші, мүсінші, жазушы өз туындысын жарыққа әкеледі және ол мәңгілік болып қалады, оған қайтып оралуға, оны қарап шығуға, қайта оқып шығуға болады. Музыканы орындау соңғы аккордты орындаумен аяқталады, ол өзге, метафизикалық формаға ауысып, жан толғанысымен есте қалады. Менің ұстазым КСРО Халық әртісі Юрий Башмет бір кездері музыканы құмдағы суретпен салыстырып еді, мен оны құммен салынған буддалық суреттермен салыстырар едім. Адамның өнерін бір рет тамашалап, есіңде сақтап қаласың. Жалпы біздің өнерде метафизикалық құбылыс көп, неліктен бір дыбыстар тізбегі адамды қуантып, басқасы жылататынына әлі ешкім жауап берген жоқ. Сол себепті әрқашан концертке дайындалған кезде туындыны техникалық жағынан үздік орындап қана қоймай, онда композитор көрсеткісі келген бейнені шығарғым келеді.

 Концерт бағдарламасында барокко дәуірінің музыкасы, классикалық шығармалар, романтика, джаз және рок қойылады. Осы кеште  өзіңіз орындайтын шығармалар туралы айтып берсеңіз.

 Иә, кеште ұсынылатын дәуірлер мен жанрлар ауқымы өте кең. Алдымен В.А. Моцарттың концерттік симфониясын орындаймыз. Бұл сол кездің өзінде кәсіби музыкант болып қалыптасып үлгерген жас Моцарттың жазған ғажайып әрі терең шығармасы. Шығарма оның өміріндегі қиын кезеңдерде, яғни оның зальцбургтік архиепископтың сарай алдындағы органшысы ретіндегі жұмысын тастап кетуге талпынған сәтсіз әрекетінен кейінгі, іс жүзінде ешқандай нәтиже бермеген салтанатты концерттер легінен кейінгі және ең бастысы, Моцарттың ең жақын адамы – анасының қазасынан кейінгі кезеңде жазылған.

 Электрлік альтті тартудың ерекшелігі неде? Сізге классикалық альт пен электрлік альт аспаптарының қайсысы жақын?

 Оларды спорт машинасы мен жүк машинасы басқару жүйесінің айырмашылығымен салыстыруға болады. Жылдамдықтарын айтып тұрған жоқпын, екі қозғалыс құралының да басқару рөлдері мен басқыштары бар, бірақ оларды басқару икемі әртүрлі. Аспаптар дыбыс шығару тәсілдерімен және қағидаларымен, ноталар арасындағы қашықтығымен және тағы басқасымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, бір көліктен екіншісіне «отыру» қиын екенін айту керек! Мен бірінші кезекте классикалық музыкантпын. Бала кезімнен джаз, поп және рок музыканы жақсы көремін және Ицхак Перлман, Андрэ Превин, Мишель Порталь, Йо Йо Ма және басқа аспапта ойнаушылар сияқты «басқа галактикаға» шығу маған өте қызықты көрінеді.

Алексей Людевиг әлемнің көптеген елдерінде табысты концерт берумен қатар Н.А. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік консерваториясында оқытушылық қызметпен айналысқан. Танымал музыкант Қазақстанда  Алматы, Қарағанды, Петропавл және Астана қалаларында болған. Орындаушының репартуары бароккодан қазіргі заманға дейінгі үш жүз жылдықтағы композиторлар шығармаларын, соның ішінде оның өзіне арнап жазылған шығармаларын қамтиды. Әртіс орыс, америка және француз композиторларының бірнеше шығармасының әлемдік тұсаукесерін жүзеге асырған.

Концерттің авторы – Абзал Мұхитдинов, кеш жүргізушісі – музыкатанушы Сәуле Мәулетова.

Г. Берік