Театрдың ішкі «асханасы»

Театрдың ішкі «асханасы»
Фото: Карла Нұр

«Астана Опера» театрының суретші бутафорлары шетелге оқуға барады. Елордалық театр шығармашылық мамандары тәжірибе жинау үшін Санкт-Петербургке (Ресей) аттанады. 

«Астана Опера» шетелге оқуға тек жетекші солистерді ғана емес, сонымен қатар тәлімгерлер мен өндіріс цехының мамандарын іс сапармен жібереді. Суретші бутафорлар Райхан Қоқиланова мен Дәурен Омаров ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің әкімшілік етуімен, Республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде біліктілікті арттыру курсынан өтеді. «Костюмдік бутафория және костюмдік аксессуарлар» деген тақырыппен өтетін курсты олар Ресейлік өнер тарихы институтында, ағымдағы жылдың 5 мен 10 қарашасы аралығында меңгереді. 

– Цехымыздың шеберлері – өте жоғары деңгейлі мамандар, барлығының жоғары білімі бар, олар өздерін «Бақшасарай бұрқағы», «Абай», «Қарагөз» сияқты күрделі қойылымдарда керемет көрсете білді. Әр қойылым жаңа мақсат жүктейді, олардың әрқайсысының өз нақышы, пішіні, бояуы бар. Біздің сала серпінді дамиды, түрлі жаңалықтар шығып жатады. Біз өз біліктілігімізді үнемі жетілдіріп отырамыз. Жыл сайын бізге жаңа материалдар келіп түседі, солармен жұмыс жасауды, оларды кәсіпте қолдануды үйренеміз, - дейді бутафорлық бұйымдарды дайындау және қызмет көрсету цехының меңгерушісі Райхан Қоқиланова. 

Жетекші өздеріне басқа театрлардың қалай жұмыс жасайтынын, материалдарды қалай пайдаланатынын, қандай технология қолданатынын білу өте маңызды екенін, сонымен бірге тәжірибе алмасу қажеттілігін білдірді. 

Бутафорлар оқуға енді барса, халықаралық конкурстардың лауреаты, жарқыраған сопрано Елена Низамутдинова елге оралды. Қазан айының 15 мен 25 жұлдызы аралығында ол Нае Леонард атындағы Галацтық музыкалық театрдың директоры, доктор Теодор Ниттің шақыруымен Дж. Вердидің «Сарай ақыны» операсын орындаудан шеберлік сабағын өтті. 

– Дж. Вердидің операларының ішіндегі сүйіктілерімнің біріндегі басты Леонора партиясына мені спектакльдің қоюшы режиссері – атақты итальяндық режиссер, миландық университеттің профессоры Паоло Бозизио дайындады. Мұндай ұлы маэстромен жұмыс менің сахналық және вокалдық шеберлігімді шыңдады, аталған қойылымның жаңа нұсқасымен, итальяндық опера өнері мектебінің ерекшелігімен және өзгешелігімен танысуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, осы бір оңай беріле қоймайтын рөлді орындау сабағын спектакльдің қоюшы дирижері, театрдың бас дирижері Мирча Холиарток бас концерт мейстер Татьяна Захаровамен бірге өткізді, – деді Елена Низамутдинова. 

Елордалық театр мамандарының біліктілігін арттыру жұмысын былтырдан бері жүргізіп келе жатыр. Өткен жылдың күзінде «Астана Опера» жетекші солистері Жұпар Ғабдуллина мен Дина Хамзина, суретші-гримдеушілер Валентина Яковенко мен Әзина Омарова «Ла Скала» театры академиясының жетекші ұстаздарының бірнеше оқу курсынан өткен. 

– Театр үшін бірініші кезекте – көрермен назарына ұсынылатын қойылымдардың жоғары сапалы болуы. Біз сахнада жоғары класты, асқан көркем спектакль қою үшін театр өнер ұжымының кәсіби деңгейін көтеру және тереңдету мүмкіндіктерін іздейміз және табамыз, бұл өткен жылы бастау алған маңызды бағыт. Біз театр өнері саласындағы заманауи жұмыс әдістерін, жаңа жетістіктерді пайдаланамыз. Мақсатымыз, театрдың шығармашылық қызметкерлерінің шеберлігін үнемі шыңдап отыру, - деп түйіндеді театрдың директоры Төлеубек Әлпиев. 

Солист-стажерлер бойындағы талантын жаңа қырынан ашу үшін «Астана Опера» театры оларға барынша жағдай жасайды және бұл мүмкіндік тек театр қабырғасымен шектелмейді. Осылай, театр ұсынысымен опералық группаның солист-стажері Роза Нұркей Бішкек қаласына барып келді. Вокалшымыз Болот Мыңжылкыев атындағы айтулы опера өнерінің II халықаралық фестивалі аясында өткен гала концертке қатысты.

Г. Берік