Асанәлі Әшімов: «Қара шаңырақ Ұлттық театр деген атқа лайық»

Асанәлі Әшімов: «Қара шаңырақ Ұлттық театр деген атқа лайық»
Фото: Massaget.kz

Бүгін, қазанның 15-жұлдызында Қазақ мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының жаңа 90-маусымы «Абай» қойылымымен ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Аталған қойылымның режиссері – Есмұхан Обаев.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы 90 жылдық мерейтойы қарсаңында, сахнаның қалтарысында жасырынған қойылымдарға техникалық қызмет көрсететін цехтардың көпшілікке беймәлім таңғажайыптарын көрсету мақсатында БАҚ пен блогерлерге арнап алғаш пресс-тур өткізді. Пресс-турда архитектуралық маңызды нысан саналатын театр ғимаратын және сахна құрылымын, үнемі сахна сыртында қызмет атқаратын техникалық бөлімдердің, қойылымға қажетті бұйымдарды жасайтын, тігетін, бояйтын мамандардың жұмысын көпшілікке таныстырды.

Пресс-турдан кейін Асанәлі Әшімов, Ерлан Біләл, Данагүл Темірсұлтанова, Бауыржан Қаптағай, Айзада Сатыбалдиева сынды актерлер мен қоюшы-режиссер Елік Нұрсалтанмен кездесу өтті. Олар жиналған БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, театрдың тың жаңалықтарымен бөлісті. Артыншы сұхбат кең дастарханға ұласты.

Қара шаңырақтың шымылдығы ашылмас бұрын Асанәлі Әшімов ағамыз: «Той басы тоқсан жылдық маусымды ашамыз. Көрермен қауым әр уақытта қуанышымыз сіздермен бірге, тіршілігіміз де сіздер үшін. Сіздер қалай қабылдайды деп қобалжимыз. Биыл – жақсы жыл. Халқымыз үшін үлкен мереке, мемлекеттігіміз тойланып жатыр. Елді қуантқан сол тойдың басы қасында біздің театр болды. Астанадағы үлкен тойда сол тойдың діңгегі осы біздің әртістеріміз болды. Тараздағы стадионда қойылым қойдық. Мұндай ауқымды шараға қатысу – біз үшін мәртебе. Әртістеріміз жан-жақты болып, қандай мереке, қуаныш болса да, соған лайық болуы тиіс. Қара шаңырақ ата театрға, құдай қаласа, Ұлттық театр деген ат берілсін деп сұрап жатырмыз. Бұл – мемлекетіміздің ең үлкен театры. Осы марапатқа оны әбден лайық деп есептейміз», - деп жиналған қауыммен ыстық ықыласын бөлісті.

Құрметті оқырмандар, адам баласына қашан да ізгі тәрбие берген қойылымдардан нәр алып, актерлердің еңбегін тамашалауға шақырамыз!

Қ. Бүйенбай