Майра Мұхамедқызы мен Салтанат Ахметова «Абай» операсында шырқайды

Майра Мұхамедқызы мен Салтанат Ахметова «Абай» операсында шырқайды
Фото: Карла Нұр

Бүгін қазақтың классикалық «Абай» операсының тұсаукесері болады. 26 қыркүйекте опера елордалық «Астана Опера» театрында өтеді. Қоюшы режиссер Джанкарло дель Монако орындаушылар құрамын бекітті.

Бас партияны орындайтындар – ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев. Ажардың рөлінде – париждік «Гранд Опера» театрында Қазақстаннан тұңғыш және жалғыз солист болған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Майра Мұхамедқызы, сондай-ақ көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты Салтанат Ахметова. Айдар – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин және халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Байнешов. Жиренше – Евгений Чайников, Қазыбек Досмұхамбетов.

Қазақтың музыкалық өнерінің үздік туындысын А. Жұбанов пен Л. Хамиди, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазған. Сюжетте қазақтың ақыны, ағартушысы, философы Абайдың өмірі баяндалады. Шәкірті Айдардың сусынына бақталастары у қосып бергені және жалындаған махаббат сәттері бейнеленеді.

Қойылымның идеясының өзегі - қазақтың аса көрнекті ақыны, ағартушысы және философы Абай Құнанбайұлының (1845-1904) тұлғасы. Сонымен қатар, бұл адамның жақсы мен жаман жақтарын сүзгіден өткізетін ескішілдік пен жаңашылдықтың бітпес күресі, қос жастың – Айдар мен Ажардың романтикалық және трагедиялық махаббатының тарихы. Ескі дәстүрге Абай мен оның шәкірті Айдар қарсы шығады. Тамаша музыка кейіпкерлердің сүйіспеншілігін де, сот көрінісіндегі үрейді де, той-думан кезіндегі шаттықты да, қазаның шерін де жеткізеді, дегенмен соңында үміт әуені естіледі және ол Абайдың бейнесімен байланысты еді.

Қойылымның ерекшелігі сценографияда техниканың соңғы мүмкіндіктері пайдаланылып, музыкалық туынды сюжетінің заманауи нұсқада ұсынылғандығында. «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаевтің ойынша, «Абай» операсы – жалпы жазылған музыкалық шығармалар ішіндегі аса көрнектісі.

Қойылымды әзірлеген шығармашылық топ: қоюшы дирижер – әйгілі қазақстандық дирижер, «Астана Опера» театрының бас дирижері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор А. Жұбановтың шөбере-жиені – Алан Бөрібаев. Қоюшы режиссер – атақты опера әншісі Марио дель Монаконың ұлы, италиялық режиссер Джанкарло дель Монако, кеңес беруші режиссер – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, «Парасат» орденінің кавалері, профессор Есмұхан Обаев.

Спектакльдің сценографиялық безендірілуін қазақстандық және Италия шеберлері – заманымыздың аса көрнекті сценографы Эцио Фриджерио мен костюм жөніндегі суретші «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино әзірледі. Жарық суретшісі – Виничо Кели, ал проекция дизайнері – Серджио Металли.

Қоюшы хореографтар ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев және Ғалия Бөрібаева.

Екі актіден тұратын спектакль 19:00-де басталады, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.

Ф. Абилова